Шаруаларды тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажет — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Шаруаларды тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажет. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Тағы бір өзекті мәселе — агросақтандыру жүйесін жетілдіру. Қуаңшылық, үсік және мал ауруы жылдар бойғы маңдай тер, табан ақыны желге ұшыруы мүмкін. Жергілікті климат жағдайына сеніп, жайбарақат отыруға болмайды. Бұл әуел бастан тиімсіз стратегия. Шығынды үнемі бюджеттен өтеу де проблеманы шешпейді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, аталған нарықты дамыту жөнінде нақты ұсыныстар беруді тапсырды.
— Сонымен қатар шаруаларды тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажет, — деді Президент.