Шаруаларға жеңілдікпен берілетін кредит көлемі 1,2 трлн теңгеге жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Өсімдік шаруашылығында қол жеткізілген нәтижелерге мемлекеттік қолдаудың әсері зор. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

а
Фото: АШМ

- Отандық өндірушілерді қолдау және шаруашылықтарды технологиялық жаңғырту нәтижесінде биылғы он айда өсу қарқыны қалыптасты. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 8,9 трлн теңгені құрап, 5,2% өсті. Өсімдік шаруашылығындағы өсім 6,4%, мал шаруашылығында 3,2% болды. Азық-түлік өндірісі 13% өсіп, 3,6 трлн теңгеге жетті. Бүгінде елімізде шамамен 270 мың ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші жұмыс істейді. Олардың 25 мыңға жуығы мемлекеттен субсидия алады. Субсидия алушылардың 90%-ы шағын және орта шаруашылықтар. Субсидиялау – бұл шығындардың бір бөлігін өтеу екенін атап өткен жөн. Шаруашылықтар алдымен тұқым мен техника сатып алады, қажетті минералдық тыңайтқыштарды енгізіп, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолданады. Содан кейін олардың нақты жұмсаған шығындарының бір бөлігі өтеледі, - деді ол.

Министрдің айтуынша, субсидия беру жүйесі жетілдіріліп жатыр. Қазір шаруалар өтінімдердің қай кезеңде тұрғанын көре алады. Барлық дерек автоматты түрде тексеріледі. Бұл мемлекеттік қолдаудың ашық әрі әділ берілуіне мүмкіндік береді.

- Шаруаларға жеңілдікпен берілетін кредит көлемі де едәуір артып келеді. 2025 жылы бюджеттен 153 млрд теңге бөлініп, соның есебінен ауыл шаруашылығына 1 трлн теңге жеңілдетілген кредит берілді. Ал биыл бұл көрсеткіш көлемі алғаш рет 1,2 трлн теңгеге жетті. Бұл шаруашылықтарға қажетті ресурстарды уақытылы сатып алып, дала жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді, - деді Айдарбек Сапаров.

Оның мәліметінше, кредит қолжетімділігін кеңейту үшін қаржыландырудың алты каналы іске қосылған. Сонымен қатар кепілі жеткіліксіз шаруашылықтар үшін қарыздарға кепілдік беру тетігі қолданылады.

- 2027 жылғы егіс жұмыстарын қаржыландыруды да ерте басталады. Өтінімдер қабылдау биылғы 1 қазанда басталды. Қайта өңдеу көлемін ұлғайту мақсатында өңдеу кәсіпорындардың айналым қаражатына жеңілдікпен кредит беру жалғасып жатыр. Биыл осы бағытта 120,8 млрд теңгеге 227 өтінім қаржыландырылды, - деді министр.

Айдарбек Сапаровтың айтуына қарағанда, өсімдік шаруашылығында қол жеткізілген нәтижелерге мемлекеттік қолдаудың да әсері зор. Ауыл шаруашылығында тыңайтқыш енгізу көлемі де жоспарлы түрде ұлғайып келеді. 2026 жылдың 10 айында шаруалар 2,1 млн тонна тыңайтқыш енгізді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 400 мың тонна көп.

- Тыңайтқышқа сұраныстың артуы отандық өндірістің дамуына және тыңайтқыш шығару көлемінің ұлғаюына ықпал етіп отыр. 2026 жылдың 10 айында 936 мың тонна тыңайтқыш өндірілді. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 4% көп, - деді ол.

Айта кетейік, Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі қаралып жатыр.