«Шаруаның сөзін кім тыңдайды?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 30 тамыз, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

Қазақстан халқы ел дамуы мен бірлігінің, азаматтар құқықтарының мүлтіксіз сақталуының кепілі - Конституция күнін жан-жақты атап өтуде. Бүгінде Ата Заңымыз 19 жыл ішінде қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы ұлық мерекеге орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға құттықтау жолдады. Құттықтау мәтіні «Егемен Қазақстан» және басқа да ресми басылымдарда жарияланды. «Біздің Конституциямыз «Қазақстан-2050» Стратегиясының әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуі жөніндегі тарихи мақсаттары мен міндеттерін іске асырудың берік негізі болып табылады. Келесі жылы республикалық референдумда еліміздің Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толады. Ата Заңымыздың мерейтойы жалпымемлекеттік деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен бірге тойланады. Осы екі айтулы оқиға жылнамамыздағы ортақ байланысты құрайды. Барша қазақстандықтарға шын көңілден бейбітшілік пен ынтымақ, табыс пен құт-береке тілеймін!», делінген Мемлекет басшысы құттықтауында.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше «Самұрық-Қазына» АҚ жекешелендiру бағдарламасына байланысты болашақта инвестор болуға ниетті компаниялар басшыларымен кездесу өткізді. Шара барысында қор мен оның еншілес компанияларының жетекшілері жекешелендірілетін активтерді сату ережелерін түсіндіріп, «Самұрық-Қазына» АҚ тобының жылдың аяғына дейін сатылуы жоспарланған негізгі нысандарымен таныстырды. Қор басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова, кіріспе сөзінде инвесторлар қауымдастығымен байланысты нығайту қор активтерін сату бағдарламасының тиімділігін арттыруға оң ықпал ететінін атап өтті. «Кездесудің мұндай кең көлемде ұйымдастырылу мақсаты - сіздерді ел Үкіметінің қаулысы арқылы бекітілген ережелермен, активтерді саудалау бағдарламасының негізгі қағидаларымен толығырақ таныстыру. Өздеріңіз білесіздер, осы бағдарламаға сәйкес біз 2014-2020 жылдар аралығында 106 активті сатылымға шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан 2014 жылы жоспарға сәйкес 64 нысанды сатылымға қоямыз, олардың біреуі «Халықтық ІРО»-ға шығарылады», - деді Е.Бахмутова. Мақала «Жыл соңына дейін 64 нысан жекешелендіріледі» деген тақырыппен берілген.

«Айқын» газетінің жазуынша, «Бәтуа» ЖШС - соя өсіру бойынша Қазақстандағы ең үлкен жобаны жүзеге асырып жатқан ұйым. Қазіргі кезде 5000 гектар жерді игеріп, жүздеген жұмыс орнын ашып отыр. Алайда, еліміздегі ең ірі ауыл шаруашылық жобалардың бірінің жұмысы шатқаяқтап тұр. Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданында соя өсірумен айналысатын «Бәтуа» жеке шаруа қожалығының басшылары «жергілікті шенеуніктердің кесірінен биылғы өнімнің бір бөлігінен айырылып, шығынға бататын болдық» дейді. Өйткені шаруа қожалығына ауадай қажет мемлекеттік субсидияның бөлінбегеніне 2 ай болған. Қаржының кешігуі ауыл шаруашылық жұмыстарына кесірін тигізуде. «2 айдан бері суға бөлінетін субсидия кешіктіріліп жатыр. Жалпы сомасы 183 миллион теңге. Шілде айында бөлінетін 64 миллион теңге 1,5 ай кешікті. Ал тамыздағы 55 миллион теңге әлі жеткен жоқ. Біз бұл қаржыны қайда жұмсайтынымызды жоспарлап қойғанбыз. Ауыл шаруашылығында барлық іс кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы керек. Уақытынан кешігіп қалуға болмайды. Бізге суға бөлінетін ақша тура суару маусымында кешіктірілді. Жанар-жағармайға, суға, жұмысшылардың жалақысына төлейтін қаржыдан тапшылық көрдік», - дейді «Бәтуа» ЖШС бас директоры Асқар Ізімғалиев. Мақала «Шаруаның сөзін кім тыңдайды?» деген тақырыппен берілген.

«Алматы көшелеріне ілінген билборд жұртшылықтың назарын еріксіз аударып, қызу талқыға түсе бастады. Қаланың көрнекі орындарына қойылған жарнамалық тақтайшалардағы сурет алкогольді ішімдіктерді мөлшерден тыс пайдаланғандардың бірте-бірте адам кейпінен айырылып, шошқаға айналатынын бейнелейді», деп жазады «Айқын» газеті сенбілік нөміріндегі «Ақ арақтан бір босамай кесеміз, әркімдерге кетіп жатыр есеміз...» деген тақырыптағы ақпаратында. Басылымның жазуынша, әлеуметтік жоба авторлары осы идея арқылы маскүнемдіктің ақыры қайда апарып соқтыратынын еске салғысы келгендіктерін айтады. Билборд дизайнын «Біздің таңдау» қоғамдық қозғалысының тапсырысымен жергілікті авторлар жасаған. Олардың ойынша, бұл картина бір қарағанда күлкі шақырғанымен, кім-кімді болмасын түбі ойландырмай қоймайды. «Салынып ішкен адам мен шошқаның айырмашылығы аз» деген тұжырымды жеткізуге тырысқан. «Самұрық-Қазына» қорының қаржы директоры Нұрлан Рахметов қазақстандықтар алдында қалтасын қайырып, табысын жария етті. Сөйтсек, ол кедей емес екен. Тек 2013 жылдың өзінде ғана бонус ретінде 29,8 млн. теңгені қалтасына басқан екен. Бұл жайында «Экспресс-К» газетінде жарық көрген «Нам и не снилось» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның нақтылай түсуінше, 2012 жылы Нұрлан Рахметов алғаш рет өзінің жалақысын жария еткен. Ол кезде оның таза қолына алатын жалақысы 1,2 млн. теңге болған. «Қыркүйекте басталатын мүлік пен капиталды заңдастыру аясында Қазақстан экономикасына 10 млрд. доллар тарту көзделіп отыр», деп жазады «Время» газеті «Из тени в свет переползая» деген тақырыптағы мақаласында. Мақалада ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Қуат Қожахметовтің сөзі келтірілген. «Заңдастыру қазір аса қажет. Өйткені, біріншіден, бұл экономикаға,банк секторына қосымша қаржы тартады. Екіншіден, қазіргі уақытта сыртқы қор нарықтарында ахуал нашарлап отыр. Сол себепті экономикаға қосымша ақша тартқан дұрыс», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар