«Шаттық» фестивалінде 500-ге жуық жас дарын бағын сынауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 шілдеде елорда әкімдігінің алдындағы қалалық алаңда Х «Шаттық» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінің ашылуы өтті. Астананың 20 жылдығына орайластырылған шараға қатысатын кішкентай әншілер, бишілер, ақындар және дизайнерлер мұқият дайындалып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл сайын Елорда күніне орайластырылған «Шаттық» фестивалінде бағын сынау үшін Қазақстаннан және көрші мемлекеттерден дарынды жастар - әншілер, бишілер Астанаға жиналады. Фестиваль географиясы жылдан-жылға кеңейіп келеді.
Фестиваль ұйымдастырушысы Қарлығаш Әбдікәрімованың айтуынша, биыл Астанаға жоспарланғандай 400 емес, 500 бала келген екен. Бұл фестивальге деген қызығушылықтың артып отырғандығының айқын белгісі.
- Біздің фестивальде бәрі де жеңімпаз, мұнда кілең мықтылар жиналған. Әрқайсысына қатысушы ретінде емес, «Шаттық» фестивалінің лауреаты ретінде диплом беріледі. Фестиваль аясында бес номинация бойынша конкурс өткізіледі және Гран-при иегерлері анықталады. Атап айтқанда, вокал, хореография, халық әні және сән. Шараға Қазақстанның барлық облысының өкілдері қатысады, біз қазақстандық жас таланттардың өзіндік базасын құрмақпыз, сөйтіп, нағыз өнерлі жастарды анықтаймыз. Балаларға арналған осындай қажетті бағдарламаға қолдау көрсеткені үшін Астана қаласының әкімдігіне алғыс айтамын. Фестивальді он жыл қатарынан ұйымдастырып келеміз, ал оған деген қызығушылық артып келеді. Мұнда балалардың жұлдызы жанып, олар жаңа адамдармен танысады, қарым-қатынас құрайды. Оларға арнап достық кештерін ұйымдастырамыз, елорданы көрсетеміз, олардың көбі мұнда бірінші рет келеді. Қазірдің өзінде балалар бір-біріне сыйлықтар мен кәдесыйлар тарту етуде, - дейді Қарлығаш Әбдікәрімова.
Биыл фестивальде Қазақстанның барлық облыстарынан, сондай-ақ 13 мемлекеттен келген қатысушылар бағын сынап жатыр, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Украина, Армения, Литва, Болгария, Чехия, Сербия, Босния және Герцеговина, Түркия мемлекеттерінен үміткерлер бар.
Қазылар алқасының мүшелері де - түрлі елдердің өкілдері. Төрешілер командасының бас төрайымы - КСРО халық артисі, Социалистік еңбек ері, академик Бибігүл Төлегенова, екінші төрағасы - композитор, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев. Бұдан басқа, қазылар алқасының құрамына Болгария, Литва, Беларусь, Түркия, Чехия және Сербияның танымал өнер қайраткерлері енген.
- Дәстүрлі «Шаттық» фестивалі биыл Астананың 20 жылдығына арналады. Шара ұйымдастырылған 10 жылдың ішінде қатысушылар географиясы едәуір кеңейді. Бұл қуантарлық жайт. Әрбір өңірден, облыстан, қаладан бірнеше номерден ұсынылады. Делегациялар тұтастай концерттік бағдарлама әкеледі деуге болады. Бұл нағыз балалар мерекесі. Фестиваль алаңында басқа мемлекеттерде Қазақстанның намысын қорғайтын, оны барша әлемге танытатын балалар өнер көрсетеді, - деп атап өтті қазылар алқасының төрағасы Кеңес Дүйсекеев.
Челябілік делегация биыл шараға бесінші рет қатысып отыр. Балалар Астананың сұлулығына тәнті болыпты
- Биыл шараға қатысуға 6-18 жастағы балалар келді. Олар ән айтады, хореография келе алмады Астанада бұрын болғанбыз, бізге қатты ұнайды. Астана - ажарлы қала, қонақжай, мейірімді, позитивті. Осындай керемет шаралар ұйымдастырылады, оларға үлес қосатынымызға қуаныштымыз. Астанаға бесінші жыл қатарынан келіп жүрміз, қатысушылар саны артып келеді, олардың кәсіпқойлығының деңгейі де өседі Бірінші рет келген кезге қарағанда қала кеңейіпті, таза, әдемі әрі заманауи, - дейді челябілік халықаралық вокалисттер конкурсының директоры Игорь Прутских.
Фестивальге қатысушылар бүгін және ертең түске дейін қалалық алаңда өнер көрсетеді Содан кейін номинациялар бойынша Гран-при иегерлері анықталады және фестиваль қорытындысы шығарылады.