Шавкат Мирзиеев: Нұрсұлтан Назарбаевпен болған әр кездесу - мен үшін өнеге

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев уақыт пен тағдыр өзіне әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз ынтымақтаса отырып, жұмыс жүргізуге болатындай бірегей мүмкіндіктерді сыйға тартқанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шавкат Мирзиеев: Нұрсұлтан Назарбаевпен болған әр кездесу - мен үшін өнеге

«Уақыт пен тағдыр маған әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тығыз ынтымақтаса отырып, жұмыс жүргізуге болатындай бірегей мүмкіндіктерді сыйға тартты. Соңғы жылдары ғана біз 10 рет кездестік. Өзбекстан - Қазақстан қарым-қатынасында соңғы бір жарым жылдың ішінде екі мемлекеттің басшылары 10 рет ешқашан кездеспеген. Әрбір кездесу - мен үшін орасан зор қуаныш сыйлайды. Түсінесіз бе, осынау Көшбасшыда сан түрлі ізгі қасиеттер бар. Ол тәуелсіздік алған жылдардың ішінде өз Отанына адалдықты сақтап, ел үшін жұмыс атқара білді», - деді Шавкат Мирзиеев «Хабар» арнасындағы Ерлан Бекхожиннің «Ұлы даланың астанасы» атты деректі фильмінде.

Өзбекстан Республикасының президентінің айтуынша, Қазақстанда ең бастысы бейбітшілік пен келісімге төрден орын берілген.

«Реформалар жүріп жатыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан жеткен жетістіктерге бүкіл әлем көз тігіп қарап отыр. Маған ол кісімен (Қазақстан Президентімен - авт) жұмыс жүргізу аса жайлы, сөйлесу аса ғанибет. Әрбір кездесу - мен үшін өнеге. Оның ең бірегей қырларының бірі - Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым өзінің командасына ерекше көңіл бөледі. Бұл команда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың революциялық идеяларының барлығын да іске асырып келеді», - деді Шавкат Мирзиеев.

Айта кетсек, Ерлан Бекхожиннің «Ұлы даланың астанасы» атты деректі фильмінде посткеңестік елдердің басшылары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Астана қаласы туралы өздерінің ой-пайымдарымен бөліскен.