Шавкат Рахмонов Белалды жеңеді – Бауыржан Өтәлиев
АСТАНА. KAZINFORM – Шавкат UFC-дің жартылай орта салмақтағы жауынгерлері арасында чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі саналып отыр. Ол үшін алдағы уақытта чемпиондық тұғырда тұрған тегі палестиналық Белал Мұхамедті жеңуге тиіс. Бұл жекпе-жек қашан ұйымдастырылады, отандасымыздың бабы келісіп жүр ме? Жай-жапсарын білу үшін Dar Pro Team командасының жетекшісі, Шавкат Рахмоновтың өкілі Бауыржан Өтәлиевпен сөйлестік.

– Байқауымызша, Шавкаттың кейінгі өткен жекпе-жегі оңай болмаған секілді. Кездесу соңына қарай Гарри Шавкатқа қылқындыру әдісін жасап жатқанда бүкіл жанкүйерлер қобылжығаны рас. Дәл сол сәтте Шавкаттың қандай күйде болғаны бізге қызық. Гарридың әлі жетпеді ме, отандасымыз қылқындыру әдісінен қалай сытылып шықты?
– Шавкаттың жекпе-жекті ауыр өткізуіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, көбі білмейді, Америкаға ұшарға дейін Шавкат аяғынан жарақат алды, медиальды коллатеральді байламы жыртылған екен. Оның рентген түсірілімдері қолымызда әлі бар. Гипс тағып жүрді, секіре де алмай қалған болатын. Кейін ақырындап қалыпқа келе бастады.
Екіншіден, Америкаға келгеннен кейін қарсылас болады деп күтілген Белал Мұхамедтің жарақат алып, жекпе-жектен бас тартып жатқанын естідік. Осының бәрі Шавкаттың және команданың көңіл-күйіне кері әсер етті. Аяқтан жарақат алғаны аздай, жоспарымыз бұзылды. Енді кім қарсылас болады, кімді ұсынады? Жағдай түсініксіз болып кетті.
Белал жекпе-жектен бас тартқан соң 20 күн бойы кімнің қарсылас болатынын біле алмадық. Қарсыластардың бәрі бас тартса, бекерден-бекер елге қайтамыз ба деп ойладық. Алайда жаттығу базасындағы жұмыстарды жалғастыра бердік. Одан кейін бізге UFC-дің жартылай орта салмақ рейтингінде 2-орында тұрған нигериялық Камару Усманды ұсынады деген қауесет шықты. Бірақ Усман бізбен бірге бір залда жаттығып жүр еді, осы қауесет шыққаннан соң аяқ асты кетіп қалды. Яғни, ешқандай келісім болмайтынын түсіндік.
Бұдан кейін 6-сатыда тұрған америкалық Колби Ковингтонды, ондыққа енбеген бразилиялық Карлос Пратесті ұсынады деді. Осы сәттің бәрі дайындыққа кедергі етті. Қараңыз, жаттығуды үзбейміз, бірақ қарсыластың кім болатыны әлі белгісіз. Құдды, бекерге жаттығып жатқан секілдіміз.
Үшіншіден, біз жаттығып жатқан зал тым үлкен болды, онда әртүрлі ұлт өкілдері топтасқан. Жаттығу жасалған жерде басқаларға жақын жүруге тура келеді, залдың іші өте ыстық, инфекциялық тұрғыдан қауіп бар. Кейбір спортшылар залда жаттығудан бас тартып жүрді, себебі кейбірінің денелерінен жара шығып, түрлі инфекция жұқтырып алған.
Шавкаттың денесі жаттығулардан кейін тітіркеніп, инфекцияның алғашқы белгілері байқалғандай болды. Дәрігерлер бізге осы кезеңнен өту үшін антибиотиктер ішуді ұсынды. Денесінде сәл әлсіздік байқалса, адам қанша тырысса да 100 пайыздық қалыпта жаттығу жасай алмайды. Физикалық дайындықты ұстап тұрып, төзімділікті арттыру үшін біз амалсыз антибиотиктер қабылдадық. Шамамен 10 күннен кейін Шавкаттың мойнындағы, бетіндегі жаралар кете бастады. Бірақ бәрібір аздаған әлсіздік сақталып қалды.
Содан кейін бізге қарсыластың жеңіліп көрмеген ирландиялық Иэн Мачадо Гарри болатынын айтты. Негізі Гарри алдағы уақытта басқа жекпе-жек өткізуге тиіс болған. Біздің түсінгеніміз, UFC Шавкатқа қарсылас таба алмай жатқан соң Гэрриді шығуға көндірген. Яғни, «Рейтингте жоғарылайсың, гонорарың көптеу болады, ұтасың ба, ұтыласың ба – айырмашылығы жоқ. Егер жеңіп жатсаң, чемпиондыққа бірінші үміткер боласың» деп ұсыныстар айтылған. Әйтпесе, Гарридың алдағы жекпе-жегін желеу етіп, бас тартуға толық хақы бар еді. Мүмкіндік беріліп тұрғанда ол бас тартпады, қалай алғанда да Гарри де - қорықпайтын, жігерлі жігіт.

Ал бұл кезде Шавкатқа бәрібір еді, әбден қарсылас күтіп шаршаған, кімді ұсынса да бас тартпауға шешім қабылдады. Неге бас тартады, өйткені уақыт жоғалттық, жекпе-жектің гонорары қолымыздан шығып кетуі мүмкін, оның үстіне орта жолдан кері қайтсақ, UFC чемпиондық жарысына басқа біреуді қоса салады.
Осы тұста Шавкат кездесуге аяғынан алған жарақаты әлі толық айықпаған күйде шыққанын айтайын. Қатты ауырмайды, бірақ дискомфорт сезініп жүрді. Алға қарай тіке жүрсе сезілмейді, бірақ жанымен қимылдай бастаса ауыратын. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін сараптап қарасақ, Шавкат физикалық дайындығының 60-70 пайыз деңгейімен ғана шыққан екен. Оның үстіне оның жарақатынан қарсылас та хабарсыз болмағаны анық. Осыған қарамастан, қиынға соққан жекпе-жекте Шавкат үмітті ақтады.
– Өзіңіз де жаңа атап өткендей, негізі осы жолы Шавкат Гарримен емес, чемпион саналатын Белал Мұхамедпен жекпе-жек өткізуі керек еді. Бірақ оның денсаулығы сыр беріп, жарақат алды. Осыған қарамастан, Шавкат Гарриды жеңген соң алаңға Белалды шақырып, көз түйістірді. Қалай ойлайсыз, келесі жекпе-жек міндетті түрде Белалмен чемпиондыққа таласу үшін ұйымдастырыла ма?
– Әрине, келесі жекпе-жек міндетті түрде Шавкат Рахмонов пен Белал Мұхамед арасында жартылай орта салмақ чемпиондығына талас ретінде өтеді. Біздің шамалауымызша, сәуір, мамыр не маусым айында болуы керек, көктем не жазда. Өйткені ең ыңғайлы уақыт – осы кезеңдер.
– Бұл екеуінің бір-бірінен қандай артық не кем тұстары бар? Көпшілік Белалдың жекпе-жек кезінде күресуге мықты екенін айтып жүр.
– Менің ойымша, Шавкат Белалды уақытынан бұрын жеңе алады. «Белал күреске келгенде мықты» деп бәрі айтады. Шавкат күресте алына салар спортшы емес. Қасында жүрген мен барлығын, ішкі күйін де білемін. Кейінгі Гарримен кездесуіне қарап солай ойлайтындар бар шығар. Жарақатына, қарсылас табылмай, уақыттың текке кеткеніне, залдан жұқтырған жараларына қарамастан Шавкат жеңіп шықты.
Осының алдында Белал жарақатын сылтауратып, Шавкатпен жекпе-жекке шықпай қалғанын ешкім ұмытпасын. Кім біледі, ескі жарақаты ма, ол әдейі істеуі де мүмкін. Уақыт өткізіп, Шавкаттың шамасын сырттай бақылағысы келген шығар.
Хабиб Нурмагомедовтің (Белал осы экс-чемпионның қарамағында жаттығады – ред.) командасын жақсы білеміз, олар арасында осындай айлаға барудан қашпайды. Уақыт өткізеді, өздеріне ыңғайлы сәтті күтеді. Бұл да бір саяси ойындар секілді дүние ғой.
– Сіз айтқан жеңіл салмақтағы экс-чемпион Хабиб Нурмагомедов жақында «Белал чемпиондыққа таласта Шавкатпен емес, Камару Усманмен шығуы керек» деп пікір айтыпты. Бұған қатысты не айтасыз, сонда Хабиб Шавкатты чемпиондыққа лайық көрмей ме?
– Мен бұл әңгімені Хабибтың нақты өз аузынан естімедім. Бірақ қауесеттер тарап жатыр. Әрине, Шавкаттың потенциалы қаншалықты мықты екенін олар біледі, сескенеді. Олардың айтуынша, чемпиондыққа таласты Белал Шавкатпен емес, Камару Усманмен сарапқа салуы керек екен.
Білесіз бе, олар тек оңай нұсқаны таңдап отыр. Белалмен шығуға Камару Усманның өзі де келіспейді. Кейінгі 3 кездесуінде Усман жеңіліп қалған. Бұрынғы бабына қайта келе ала ма, белгісіз.

– Келешекте отандасымыз Белалды жеңіп, жартылай орта салмақ бойынша титулды жеңіп алып жатса басқа салмаққа ауысуы мүмкін бе?
– Қазір Шавкат салмағын 77 келіден асырмай оңай ұстап тұр. Сондықтан салмақ ауыстыру жөнінде бас қатырмайды. Дегенмен 70 келіге дейінгі жеңіл салмақтағы чемпион Ислам Махачев жартылай орта салмаққа көшуі мүмкін.
Мысалы, Шавкат Белалды жеңсе, Ислам Арман Царукянды жеңіп, чемпиондық атағын қорғап қалса, сосын Ислам екі салмақ бойынша чемпион атануға ұмтылады. Осылайша 77 келіге ауысса, Шавкат пен Исламның кездесуін көріп қалармыз. Өз болжамым бойынша сценарий осылай жалғасатын іспетті.
Таяуда қазақстандық Шавкат Рахмонов UFC 310 жарысында Иэн Мачадо Гарримен жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткенін білеміз. Отандасамыз өзі секілді жеңіліп көрмеген ирландиялық файтермен ауыр кездесу өткізіп, басым түсті.