Шавкат Рахмонов Жәнібек Әлімханұлының жаттықтырушысынан бокстың қыр-сырын үйреніп жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Танымал қазақстандық UFC шебері Шавкат Рахмонов кезекті жаттығу лагерін бастады. Қазіргі уақытта аралас жекпе-жек шебері Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұрат Сиқымбаевтың жетекшілігімен соққы беру әдістерін жетілдіріп жатыр.
«Шавкат Рахмоновпен соққы техникасымен жұмыс істеу туралы ұсыныс түскенде, ойланбастан келістім. Біріншіден, бұрынғы тәрбиеленушім, қазір дарынды жаттықтырушы Ораз Алдыбаевтан бас тарта алмадым, екіншіден, заманымыздың көрнекті жекпе-жек шеберін тәрбиелеуге өз үлесімді қосқым келді. ММА-да соққыдан басқа, жекпе-жектің техникалық және тактикалық арсеналы болуы керек. Шавкатпен аптасына үш рет жаттығамыз. Басқа күндері Рахмонов күрес элементтеріне және күш жаттығуларына назар аударады. Шавкат – қыруар жұмыс атқаратын кәсіби маман», – дейді жаттықтырушысы.
Жаттықтырушының айтуынша, Шавкат Рахмоновпен жаттығуды бастамас бұрын ол оның ММА-дағы барлық жекпе-жегін қайта қарап шыққан.
«Шавкаттың көрсеткіштері керемет – 18-0 және оның жеңісті сериясын алдағы көп жылдар бойы жалғастыруға мүмкіндігі бар. UFC-де танымал болғанымен, мен классикалық, дәстүрлі спортты жақтаймын. Бүкіл ғұмырымды боксқа арнадым. Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын дайындадым. Әрине, Шавкат Рахмоновпен жұмысты бастамас бұрын оның жекпе-жектерін жан-жақты талдап көрдім», – дейді Мұрат Сиқымбаев.
WBO және IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) ESNews арнасына берген сұхбатында жаздың ортасында Лас-Вегаста рингке шығуды жоспарлап отырғанын растаған еді.