Шавкат Рахмоновтың келесі жекпе-жегі қашан өтуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — UFC-де бірде-бір рет жеңілмеген қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов (19-0) эквадорлық Майкл Моралеске (19-0) қарсы жекпе-жегін 2027 жылдың қаңтарында өткізуі мүмкін, деп хабарлайды Sports.kz.

Шавкат Рахмонов
Фото: ММА

— Шавкат Рахмонов әлеуметтік желідегі парақшасында екі видео жариялады. Біріншісінде «19-0 VS 19-0», ал екіншісінде Өрмекші адамның эмодзиімен бірге «2027» деген жазу болған. Осыған байланысты Рахмонов пен Майкл Моралес арасындағы жекпе-жектің 2027 жылдың қаңтар немесе ақпан айында өтуі мүмкін деген ықтималдық арта түсті. Жақында Моралес титул үшін жекпе-жегінің алдында Рахмоновты «дивизионның соңғы бастығы» деп атаған, — деп жазды Х әлеуметтік желісіндегі Agent MMA аккаунты.

Рахмонов соңғы рет октагонға 2024 жылғы 7 желтоқсанда АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирінде шығып, ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді жеңген болатын.

UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде үшінші орында тұрған Моралес соңғы жекпе-жегін 2025 жылғы 15 қарашада Нью-Йоркте өткен UFC 322 турнирінде өткізді. Ол америкалық Шон Брэдиді бірінші раундта нокаутқа түсірді.

Бұған дейін Шавкат Рахмонов бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбаймен спарринг өткізген болатын.