Шайбалы хоккей: «Югра» есесін қайтарды
АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Ресейдің Магнитогорск қаласында өтіп жатқан шайбалы хоккейден Иван Ромазан атындағы мемориалдың 22-ші турнирі аясында Астананың «Барыс» командасы соңғы кездесуде «Югра» (Ханты-Мансийск) командасына жол беріп қойды.
Бұл матчта алғашқы шайбаны қарсылас команда соқса да, «Барыстың» хоккейшілері соңғы кезеңге дейін бір шайбаға алда болды. Дегенмен, үшінші кезеңде «Югра» таразы басын теңестіре білді. Есеп - 3:3. Ойынның аяқталуына дейін ол өзгерген жоқ. Сондықтан буллиттер сериясы соғылды. Онда «Югра» командасының жолы болды. Қорытынды есеп 3:4 (Б). Үш кездесудің нәтижесі бойынша «Барыс» тек төрт ұпайды ғана олжалап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада өткен ҚР Президентінің кубогы үшін хоккей жарысында «Барыс» пен «Югра» екі рет кездесті. Ол кезде «Барыстың» бағы жанды. Ал осы жолғы турнирде «Югра» есесін қайтара білді.