18:48, 19 Сәуір 2013 | GMT +5
Шайбалы хоккейден Әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореядан басым түсті
АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін шайбалы хоккейден Әлем чемпионаты аясында Қазақстанның хоккейшілері Оңтүстік Корея құрамасын ұтты.
Венгрияның Будапешт қаласында өткен матчта Роман Старченко екі бірдей шайбаның авторы атанса, Талғат Жайлауов пен команда капитаны Алексей Трощинский қарсыластың қақпасына бір-бір шайбадан салып кетті. Ойын барысында кәрістер есепті екі шайбаға қысқартты. Бұл жолы Қазақстанның қақпасын қорғаған Павел Полуэктов тағы бір буллит-шайбаны қайтара білді. Қорытынды есеп - 4:2. Бүгінгі ойынды түнгі сағат 23:45-те «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көруге болады.
Айта кетейік, бұған дейін біздің хоккейшілер Венгрия құрамасынан 2:1 есебімен ұтылған болатын. Сол себепті чемпионаттың «А» дивизионында жоғары сатыға көтерілу үшін Оңтүстік Корея мен Италия командаларын жеңу керек. Бірінші міндет орындалды. Енді, Италия құрамасын ұту қажет.