Шайбалы хоккейден Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеңіске жетіп, элиталы топқа өтті
Кеше Қазақстан құрамасы Италиядан басым түсті. Ойын аса тартысты өтті. Матч басталмас бұрын кейбір сарапшылар «Қазақстанның құрамасы ұтылуы мүмкін» деген болжам да айтып қалды. Дегенмен, біздің хоккейшілер өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Ойынның 11-ші минутында Роман Савченконың пасын шебер пайдала білген Талғат Жайлауов қарсыластар қақпасына бірінші шайбаны салып, өз командасын алға шығарды. Итальяндықтар бірінші кезеңде қанша шабуыл жасағанымен, таразы басын теңестіре алмады. Ал екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілердің жүйкесін жұқартудың қитұрқы әрекеттерін жасап-ақ бақты. Бірақ одан да ештеңе шығара алмады. 25-ші минутта Роман Старченко екінші шайбаның авторы атанды. Есеп 2:0. Ол үшінші кезеңге дейін сақталды. Соңғы минуттарда Италияның бапкері қақпашыны алып тастап, алтыншы ойыншыны шығарады. Алайда оны да шебер пайдала білген біздің хоккейшілер бос тұрған қақпаға үшінші шайбаны кіргізді. Ол да Р.Старченконың еншісінде. Осылайша Қазақстан құрамасы «А» тобының көшбасшысы - Италияны 3:0 есебімен ұтып, келесі жылы Әлем чемпионаты аясында үздіктер қатарында, яғни элиталық топта өнер көрсететін болды.