18:00, 11 Ақпан 2011 | GMT +5
Шайбалы хоккейден Азиада чемпион атанған қыздар құрамасы ҚазҰТУ-да болды
АЛМАТЫ. 11 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін 7-Қысқы Азия ойындарында әйелдер арасында шайбалы хоккейден чемпион атанған Қазақстан құрамасының спортшылары Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында спортшылар студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеңіске жеткендегі өздерінің қуанышты әсерлерімен бөлісті.
Құрама бапкері Александр Мальцев Қысқы Азия ойындарында қатарынан үш дүркін чемпион атану жолында қыздарымыз көп тер төккендігін айтып өтті. «Қыздардың бағындырған шыңына разымын, бiрақ босаңсуға болмайды, алда жаңа жарыстар күтіп тұр», - дейді бапкер.
25-27 ақпан аралығында хоккейден Қазақстан ұлттық құрама командасы Еуропа чемпиондар кубогында өнер көрсетіп, жүлделі орынға қол жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 10-15 наурыз аралығында Қытай құрамасы арасында бақылау жарысын өткізеді. Бұл кездесулердің барлығы Швейцарияда өтетін әйелдер командалары арасындағы әлем чемпионаты қарсаңында болмақ.