Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Австралияны 13:2 есебімен ойсырата ұтты
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Литва астанасы Вильнюсте өтіп жатқан шайбалы хоккейден бірінші дивизион командалары арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді.
Бұл жолы біздің команда Австралия құрамасын 13:2 есебімен тас-талқан етіп ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы мұның алдында Литваны 5:1, Хорватияны 6:1 және Жапонияны 3:1 есептерімен жеңген болатын. Бұл чемпионатта элиталы топқа берілетін жалғыз жолдама таласқа түсуде. Жоғары дивизионда ойнауға құқық беретін бұл жолдаманың тағдыры бүгін Қазақстан мен Словения арасында өтетін кездесуде шешіледі. Өйткені, словениялық хоккейшілер де әлі бірде-бір ойында жеңілген жоқ.