Шайдоров шағымы: Алматы әкімдігі мәнерлеп сырғанаушыларға жағдай жасамақ
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімдігі қаладағы спорттық нысандарды дамыту жұмысы туралы хабар берді.

Мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Алматы тумасы Михаил Шайдоров бірнеше сұхбатында еліміздің оңтүстік астанасында жарыстарға дайындық үшін тиісті жағдай жоқ екенін айтты.
Алматы әкімдігі 2024 жылдан бастап ірі спорттық нысандарды қаланың меншігіне қайтару жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, былтыр «Almaty Arena» және «Halyk Arena» көпфункционалды кешендері коммуналдық меншікке өтті.
— Нысандар берілгеннен кейін олардың пайдаланылуына кешенді аудит жүргізілді. Қазіргі уақытта мұз уақытын бөлу жүйесі кәсіби спортшыларға, оның ішінде Михаил Шайдоровқа, спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне, секциялар мен ұлттық құрама мүшелеріне басымдық беретіндей етіп реттелді. Мұндай тәсіл елдің болашақ чемпиондарын тәрбиелеуге септігін тигізеді, — деп хабарлады әкімдіктен.
Одан бөлек Михаил Шайдоров халықаралық жиындар мен жарыстар арасында Алматыда жүрген уақытында «Halyk Arena» базасында жеке жаттығу өткізу мүмкіндігімен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданған.
— Соңғы үш жылда қалада алты жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды, ал биыл тағы төрт кешеннің құрылысы басталады. Бұл шаралардың барлығы Алматыда бұқаралық және кәсіби спортты жүйелі дамытуға бағытталған, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, Алматы әкімдігі Михаил Шайдоровқа 2,5 млн теңгенің сертификатын табыстады.
Бұған дейін мемлекетке қайтарылған «Алматы арена» мен «Халық аренада» қандай өзгеріс болатынын жазғанбыз.
Сондай-ақ «Медеу» мұз айдынына 2025-2027 жылдары аралығында реконструкция жүргізілетінін жазған едік.