Шаймұрат Құсайынов Әділбек Ниязымбетовтің есесін алып берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырауда бокстан Асқар Құлыбаевтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін халықаралық жарысқа биыл Қазақстан боксшыларынан бөлек, Польша, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің былғары қолғап шеберлері қатысты.
None
None

Биылғы жарыс жоғары деңгейде өткізілді. Атырауды бетке алған алпыстан аса боксшының арасында 25 спорт шебері, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері болды. Сонымен қатар, Өзбекстанның еңбегі сіңген спорт шебері мен Олимпиада ойындарына жолдама алған боксшылар да дәстүрлі турнирдің көрігін қыздырды. 75 келі салмақта Рио-де-Жанейро олимпиадасына қатысатын Томаш Яборский Олимпиада қарсаңында осы турнирге арнайы келіп, өзіне тең келер қарсылас таппай, турнир жеңімпазы атанды. Атырау бокс федерациясының вице-президенті Сәрсенбай Торғаевтың айтуынша, жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға Атырау облысының әкімдігі қол ұшын берген.

Жарыс қорытындысы бойынша, үздік боксшы атағы 81 келі салмақта жұдырықтасқан Шаймұрат Құсайыновқа табыс етілді. Финалға дейінгі қарсыластарын бет қаратпай жеңген Шаймұрат алтын медаль үшін болған жекпе-жекте Өзбекстаннан келген Ойбек Мамазулуновты тізе бүктірді. Өзбек боксшысы 2013 жылы Азия чемпионы атанған. Осыдан үш жыл бұрын Иорданияның Амман қаласында өткен құрлық біріншілігінің финалында Мамазулунов біздің Әділбек Ниязымбетовтен басым түскен еді.

Басқа да салмақ дәрежелеріне келер болсақ, ең жеңіл салмақта, яғни, 49 келіде өзбекстандық Хасанбай Латибухуровтың мерейі үстем болды. 75 келі салмақта Польшадан келген Томаш Яборскийге қарсы тұрар ешкім болмады. Қалған салмақтың барлығында еліміздің былғары қолғап шеберлері топ жарды.

Асқар Құлыбав атындағы турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері: 49 келі: 1. Хасанбай Латибухуров (Өзбекстан); 2. Данияр Серік (Қазақстан); 3. Айбек Рымбекұлы (Қазақстан), Жәнібек Есқуатов (Қазақстан);

52 келі: 1. Сағындық Молдашев (Қазақстан); 2. Ерлан Тамемов (Қазақстан); 3. Ербол Саябек (Қазақстан), Ақниет Балтабаев (Қазақстан);

56 келі: 1. Қанат Тұрғанбаев (Қазақстан); 2. Асылхан Ұзақбаев (Қазақстан); 3. Қуаныш Сабыр (Қазақстан), Азат Хамзин (Қазақстан);

60 келі: 1. Міржан Жақсылықов (Қазақстан); 2. Абдолла Нұрғалиев (Қазақстан); 3. Заманбек Данабеков (Қазақстан), Әнуар Рузукулов (Өзбекстан);

64 келі: 1. Мирас Нығметов (Қазақстан); 2. Қамбар Гиниятов (Қазақстан); 3. 3. Қуан Қуатов (Қазақстан). Рафшан Умурзаков (Өзбекстан);

69 келі: 1. Қанағат Маралов (Қазақстан); 2. Илья Очкин (Қазақстан); 3. Нұрсұлтан Салихов (Қазақстан), Мақсат Жексенбай (Қазақстан);

75 келі: 1. Томаш Яборский (Польша); 2. Алмас Тілеубергенов (Қазақстан); 3. Амандық Манашев (Қазақстан), Әлішер Хабибуллаев (Өзбекстан);

81 келі: 1. Шаймұрат Құсайынов (Қазақстан); 2. Ойбек Мамазулунов (Өзбекстан); 3. Жахангер Турсунбоев (Өзбекстан), Әмір Налгиев (Қазақстан);

91 келі: 1. Мусадилов (Қазақстан); 2. Матусаев (Өзбекстан);

+91 келі: 1. Нұрәли Әлімбеков (Қазақстан); 2. Олжас Бұқаев (Қазақстан); 3. Икром Сайдов (Өзбекстан), Сабырғали Самбаев (Қазақстан).

Соңғы жаңалықтар