Шәйнек ішіне героин жасырған рудныйлық қамауға алынды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Тәртіп сақшылары жедел-із кесу шаралары барысында үйінде есірткі сақтаған Рудный қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкері Лев Красиенкоға сілтеме жасап.
Полицейлер Рудный қаласында жүргізілген жедел-із кесу шаралары кезінде 20 жыл бойы есірткі тұтынып келген азаматты ұстады.
«Қала тұрғыны есірткі затын үйіндегі шкафта жасырған. Тексеру шаралары кезінде шкаф түбінен шәйнек табылды. Шәйнек ішінде полимермен қапталған екі түйіншек болған. Сараптама тағайындалып, жалпы салмағы 3,77 грамм героин тәркіленді», - деп хабарлады Л.Красиенко.
Белгілі болғандай, 45 жастағы рудныйлық осыған дейін түрлі қылмыстар жасап, бірнеше рет сотталған.
Фото: r-storona.ru