Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу: 43% қамтылды

АСТАНА.KAZINFORM — Өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. 11 маусымдағы жағдай бойынша 954 мың гектар немесе болжанған аумақтың 43%-ы өңделді. Бұл туралы АШМ мәлім етті.

Шегірткеға қарсы химиялық өңдеу 2,2 млн гектар жоспарланған аумақтың 43%-ын қамтыды
Фото: АШМ

Егін алқаптарын қорғау жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда, барлық қажетті шаралар уақтылы әрі толық көлемде қолға алынған.

— Жалпы алғанда, биыл 2,2 млн гектар жерді өңдеу жоспарланған, 2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға аз. Бұл Үкіметтің қолдауымен жүргізілген кешенді жұмыстардың және өсімдіктерді қорғау жүйесіндегі елеулі өзгерістердің нәтижесі.
Атап айтқанда, қызметтерді сатып алудың бірыңғай жүйесі енгізіліп, үдерістер орталықтандырылып, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі артты, — делінген хабарлдамада.

Желдеткіш бүріккіштердің өнімділік нормалары қайта қаралып, көрсеткіш 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді. Бұл тартылған техниканың санын 556 бірлікке арттыруға мүмкіндік берді, яғни 2025 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп.

өңдеу
Фото: АШМ

Сонымен қатар, фитосанитариялық қызметтің техникалық паркі жаңартылып, 103 дрон сатып алынды. Оның 57-сі мониторинг жұмыстарына, 46-сы химиялық өңдеу жүргізуге арналған.

—  Шегірткеге қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында «FITOCENTRE» қосымшасы іске қосылды. ФАО-мен бірлесіп цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және ұшқышсыз аппараттарды қолдануға бағытталған серіктестік жоба жүзеге асырылмақ, —  деп хабарлады ведомстводан.

Өңірлердегі жедел штабтар штаттық режимде жұмыс істеуде.

Шегірткеге қарсы қорғау іс-шараларын бақылау мақсатында АӨК саласындағы Мемлекеттік инспекция комитетінің (МИК) басшылығы қазіргі уақытта Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және Абай облысында жүр.

Бұған дейін ғалымдар шегірткеге қарсы химикаттарға балама биопрепарат әзірлегенін жаздық.