Шегірткенің шығуына мониторинг жасау үшін құмда жүретін техника керек - Гарифулла Жолаев

Шегірткенің шығуына мониторинг жасау үшін құмда жүретін техника керек - Гарифулла Жолаев
Фото: видеодан алынған скрин

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша 777 мың гектар алқаптың 400 мың гектарға жуығында шегіртке шығу дерегі тіркеліп, улау жұмысы жүрді. Мамандар шегіртке ошағын анықтау үшін әр ауданға бөлінген. Сонымен бірге жергілікті тұрғындар, шаруалардың хабарламаларын назарға алады. Ресеймен шекаралас аудандар бір-бірімен байланыс орнатып, күн сайын жағдайды хабарлап отыр. 

Еліміз бойынша Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы шегірткенің жұмыртқасын, дернәсілін, шығуы мен ұшуын анықтап, хабарлап отырады. Қазір Ақтөбе облысы бойынша шегіртке ошыған анықтау жұмысына осы мекеменің 74 қызметкері, жергілікті атқарушы органнан 125 адам жүр. Сонымен бірге тағы 65 анықтаушы көлігімен бірге бөлінді.

Мамандар барлық аудандағы жағдайды бақылап, анықтап, кейін ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясына хабарлайды. Инспекция осы жұмысты өз мойнынан алған мердігерлерге айтып, улау жұмысын ұйымдастырады. Биыл шегіртке шығуының шарықтау шегі келіп тұр. Бұл 10-12 жылда бір қайталанатын жағдай. 

– Шегірткенің шығуы 10-12 жыл сайын қайталанып тұрады. 2023 жылдан бастап көтеріліп, биыл шарықтау шегіне келіп жетті. Оның алдында 2013-2014 жылдары тіркелді. Италиялық прус жәндігінің отаны Ырғыз, Шалқар, Әйтеке би аудандарындағы құмақтар. Шалқардың Ұлы Борсық құмы, Кіші Борсық құмы, Ырғыздың Айырқызыл құмы, Әйтеке би ауданының Мамыт құмынан ұшып шығып, тарайды. Ал бізде құмға кіріп, мониторинг жасаудың мүмкіндігі жоқ. Құм ішінде біздің техника жүрмейді. Әрі құмды аумақтың ауданы үлкен, бірнеше шақырымға созылып жатыр. Өкінішке қарай қаншалықты ұшып өткенін, қаншалықты көп жұмыртқа салғанын біле алмаймыз. Жылда осы мәселені, құмның ішін бақылау жайын көтереміз. Қазір дронмен улауға да мүмкіндік бар екен. Егер сол іске асып, оң жолға қойылса, осыны пайдалануға болады. Әзірге жоба ғана. Дронның өзі 8 шақырымға ғана ұша алады, ал құмның аумағы бірнеше шақырымға созылған. Егер дер кезінде шара қолданбасақ, ұшып шығады. Қазір бар мүмкіндікті пайдаланып, улау жұмысын жүргізіп жатыр, - деді «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Ақтөбе облыстық филиал басшысы Гарифулла Жолаев. Оның айтуынша, келер жылы шегірткенің шығу дерегі төмендейді. 

Айта кетейік, шегерткенің шығуына ауа райы тікелей әсер етеді. Күн неғұрлым ыссы болса, шегіртке де соғұрлым тез тарайды. Ал Ақтөбе облысы бойынша күні бүгінге дейін салқын болып, жаңбыр да жауды. Бұл дернәсілдің дамуын тежеді, жастан жасқа өту уақытын ұзартты. 

– Биыл жаңбырлы, ылғалды жыл болды. Сөйтіп шөп көтеріліп кетті. Бізге шөп арасынан бақылау жүргізу де қиынға соқты. Соған қарамастап мамандар жергілікті әкімдікпен бірге анықтап, улау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мәселен Әйтеке би ауданы бойынша 27 мамыр күні шегірткенің шығуы байқалды. Дегенмен мұнда әлі де жұмыртқа жатыр. Кеше ғана біздің мамандар барып, Ресеймен арадағы шекараны қарап кетті. Себебі Ресейден де қауіп бар. Қазір барлық жерде шарықтау шегінің болатын жылы. Біз ондағы әріптестерімізбен күн сайын хабарласып, байланысып отырмыз. Олар да жағдайды қалыпты ұстап отыр. Жоспар бойынша 22 маусымнан кейін кездесу ұйымдастырамыз. Әзірге ұшу жасына жетпеген соң шекарадан ұшу дерегі тіркелмеді, - деді Гарифулла Жолаев.

Ақтөбеде Мәртөк, Хромтау, Қарғалы, Әйтеке би, Қобда секілді бес аудан Ресеймен шектеседі. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы мен ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы шекара бекетімен келісім жүргізіп, көлік нөмірі мен мамандардың аты-жөнін алдын ала беріп қойды. Бұл шекарадан еш кедергісіз өтуге септігін тигізіп отыр.

– Жергілікті ауыл шаруашылығы дақылдарына, мал жайылымдарына залал келтірмеу үшін улап жатырмыз. Методика бойынша 2-3 жаста уланада. Біз 2 жаста улап жатырмыз. 3 жасқа жеткенін күтсек 777 мың гектар жерде италиялық прус көтеріліп кетер еді. Ал 7200 гектар жерлегі азиялық шегіртке биыл шықпайды. Ол Нұра ауылындағы судың астында қалып қойды. Күш бірлікте екенін ұмытпаған жөн. Көрген жерді бір-бірімізге хабарлап отырсақ бәрімізге де жақсы. Бірден байланысқа шығып, анық орнын біліп, улайды. Айтқан жердің көбін біз бұрын анықтап отырмыз, - деді ол.

Еске салсақ, Ақтөбеде қазіргі кезде саяқ және үйірлі шегірткені улау жұмысы жүргізіліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар
telegram