Шекара арқылы жүктерді жылдам өткізуге жағдай жасалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы жүктерді жылдам өткізу жағдайы жасалады.

Шекара арқылы жүктерді жылдам өткізуге жағдай жасалады

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде мәлім болды. Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде ветеринарлық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Құжат Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде әкімшілік кедергілерді жою, бақылаушы органдардың санын қысқарту, сонымен қатар Кеден одағының шекарасындағы өткізу пункттері арқылы жүктерді өткізуді жеделдетуді қарастырады. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні кеден органдарына көліктік және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау түрлерін жүргізу бойынша функциялар берілген. Ал Женева конвенциясына сәйкес, бақылаудың барлық түрлерін ұйымдастыру кеден қызметімен үйлестiрiледі және олардың уәкілеті берілген жағдайда бақылау функцияларын жүргізеді. Сондықтан да, заң жобасына сәйкес автомобиль өткізу пункттерінде кеден органдарына ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау бойынша құжаттамалық және физикалық бақылау жүргізу функциялары беріледі.

Жалпы, мамандардың сараптауынша, заң жобасын қабылдау шекара арқылы көлік құралдарының өту уақытын 3-4 сағатқа дейін қысқартып, шекарадағы жемқорлықтың төмендеуіне жол ашады. Бұдан бөлек, заң жобасы еліміздің ішіндегі ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау және қадағалауды оңтайландыруға себеп болады.