Шекара аумағындағы егістік жерлер тек Қазақстан азаматтарына беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов шекаралық белдеу мен шекара аумағындағы жерді пайдалану жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шекара аумағындағы егістік жерлер тек Қазақстан азаматтарына беріледі

«Заң жобасында шекаралық белдеу мен шекара аумағында орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға және Қазақстанның құрамында шетелдіктер бар заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Мемлекеттік шекараның шекара аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана жалға беру құқығында берілетін болады», - деді А. Мырзахметов жер қатынастарын реттеу заң жобасы бойынша баяндамасында

Ал мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері қазақстандықтарға да берілмейді.

«Аталған аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін жергілікті халықтың мұқтаждықтары, яғни жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі», - деп нақтылады ол.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдады.