Шекара қызметінің сапына жаңа ұшқыштар қосылды
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Шекара қызметінің сапына оқуын жаңадан бітірген 18 лейтенант келіп қосылды. Олардың барлығы да ұшқыштар ұстаханасы саналатын - екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының түлектері.
Қазіргі таңдағы әскери ұшақтар мен тікұшақтардың күрделі құрылымы ұшқыштар құрамының білімі мен біліктілігін талап ететіндігі сөзсіз. Сондықтан, болашақ ұшқыштарға ұшуды басқару, ұшақты жүргізу, әуе соғыстары мен бомба тастауды ғана емес, сонымен қатар ұшу аппараттарының барлық жүйелерін сауатты пайдалануды да үйретуге көңіл бөлінеді.
Жас ұшқыштарды, штурмандарды, борт техниктері мен жер бетіндегі мамандарды ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Нұрлан Жоламанов құттықтады. Шекара ведомствосының басшысы олардың алдында тұрған міндеттерге тоқтала келіп, қызметтеріне ақ жол тіледі.
Генерал-лейтенант Н. Жоламанов ұшқыштар даярлайтын жоғарғы оқу орны түлектерінің кәсіби деңгейі мен біліктілігінің жоғары екендігін атап өтті. Ұшуға деген жастар ықыласының әрқашанда ерекше болатындығын айта келіп, шеберлікке қол жеткізудің кілті лейтенанттардың өздеріне, олардың даярлығы мен жауапкершілігіне байланысты екендігін ескертті.
Кешегі курсанттар бүгін офицер болып үлкен өмірге қанат қаққалы отыр. Оның үстіне жәй ғана офицерлер емес, авиация офицерлері. Олар сынақтың барлығынан сүрінбей өтті, тіпті мемлекеттік емтиханға дайындық кезінде де ұшудан қол үзген жоқ. Әрине, ұшу дайындығы бойынша сынақты да аспанда тапсырды. Жас офицерлерге басшылық өкілдері қанша ұшу болса соншалықты сәтті қонуды тіледі.
Бүгін олар еліміздің әуе кеңістігінде шарлап, аспан шебін қорғауға дайын екендіктерін білдірді, деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен.