Шекара маңын дамыту мәселелері жеке заң ретінде қарастырылуы тиіс - М. Әшімбаев
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Шекара маңын дамыту мәселелері жеке заң ретінде қарастырылуы тиіс. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заң жобасы бойынша Мемлекеттік шекараны қорғау және күзету заңнамаларын жетілдіруге арналған дөңгелек үстел барысында депутат Мәулен Әшімбаев осылай мәлім етті.
«Шекара маңын дамыту мәселесін бір ғана заң жобасымен, оның ішінде «Мемлекеттік шекара туралы» заң жобасымен шешу мүмкін емес. Біз бұл мәселені жеке құжат арқылы реттеуді құп көреміз. Сондықтан да, шекара маңын дамытуға қатысты мәселелерді кешенді түрде көтеріп, оны жеке заң ретінде қарастыру туралы Мәжілістің депутаттары бастама жасауы да мүмкін», - деді М. Әшімбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі күні шекара маңындағы елді мекендерде бірқатар проблемалар қордаланған. Мәселен, инфрақұрылымдар тозып, экономикалық дамудың тежелуіне орай, жұмыссыздықтың салдарынан бұндай өңірлерді тастап кету байқалып отыр. «Сонымен қатар, шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары ең алдымен шекара маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тұтас қарастыруды талап етеді. Сол үшін біз келесі жылы осы мәселені қолға алғымыз келеді», - деді депутат.