Шекара маңына орналасқан ауылдардағы электр желілерінің 42,6%-ы тозған
«Елдің шекаралас аудандарындағы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым көрсеткіштері нашарлауда. Бірқатар аудандарда электрмен жабдықтау желілері – 42,6%, сумен жабдықтау желілері – 60,8%, газбен жабдықтау желілері – 16,5% тозған», - делінген тұжырымдамада.
Ұлттық экономика министрлігі келтірген мәліметке сай, көптеген шекаралас ауылдарда ұялы байланыс, интернет және пошта қызметтерінің сапасы төмен. Сонымен қатар, аудан орталығынан алыс орналасуына байланысты бірқатар елді мекен халқы үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі күрделене түсуде.
«Шекаралық өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Өткізу пункттері мен оларға іргелес автомобиль жолдарының заманауи инфрақұрылымының болмауы көптеген шекара маңындағы аумақтардың транзиттік және туристік әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейді», - делінген ведомство келтірген деректерде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бағдат Мусин интернет баяу істейтін ауылдар статистикадан шығарылғанын мәлімдеп еді.