Шекара маңындағы аудандарға қоныс аударғысы келетіндерге баспана арзандайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Баспанаға барынша мұқтаж адамдар ерекше назарда болады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Құрылыс кодексін қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Құрылыс саласын жетілдіру керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс саласындағы барлық құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды жоюы қажет. Бұдан бөлек, тұрғын үй саясатын қайта қарау қажет. Баспанаға барынша мұқтаж адамдарға басымдық берілуі тиіс. Индустрия министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 ай мерзімде нақты тәсілдерді әзірлеуі қажет. Шекара маңындағы аудандарға қоныс аударғысы келетін азаматтар үшін тұрғын үй бағасын арзандатуға көңіл бөлу керек», - деді Ә. Смайылов Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.

Оның айтуынша, шекара маңындағы аудандарды дамытуда тіршілікке қажетті инфрақұрылымды қаржыландыруға басымдық беру маңызды.

«Жергілікті тұрғындар үшін жаңа қолдау шаралары, соның ішінде жалақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерге үстемеақыларды қарастыру қажет. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, осы шараларды іске асыруға кірісуі тиіс», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар