Шекарада қазақстандық азамат есірткі оралған түйіншекті жұтып қойған
«Өткен түнде Петропавл шекара отрядына қарасты «Мамлютка-теміржол» өткізу бөлімшесінде, «Қарағанды - Мәскеу» бағытымен жүретін № 83 пойызды шекаралық тексеруден өткізу барысында шекара жасағы 20 жастағы қазақстандықты ұстады. Шекарашы арнайы үйретілген иісшіл иттің меңзеуімен келіп, оның жол сөмкесін тексере бастаған. Жігіт шекарашыны итеріп жіберіп, сөмкеден кішігірім түйіншекті жұлып алып, лезде жұтып жіберген», - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, кейін жігіт жұтып қойғаны 5 граммға жуық марихуана екенін мойындаған.
Ұсталған қазақстандық Павлодар қаласының наркологиялық диспансеріне жеткізілді. Тексеру барысында, дәрігерлер оның бұдан бұрын да канабиоидтар қабылдағанын дәлелдеді.
Қазір тексеру шаралары әрі қарай жалғасуда.