Шекарадағы атыстан соң Оңтүстiк Корея «бес қаруын» сайлай бастады

СЕУЛ. ҚазАқпарат - Оңтүстiк Кореяның әскери басшылығы Солтүстiк Корея тарапынан болуы мүмкiн қауiп-қатерлердiң күшеюiне байланысты екi елдер арасындағы батыс теңiз шекарасына қосымша ауыр қару жеткiздi. Бұл туралы бүгiн Әскери Штаб басшыларының бiрiккен комитетiнен хабарлады.

Шекарадағы атыстан соң Оңтүстiк Корея «бес қаруын» сайлай бастады

Еске сала кетейiк, өткен аптада қос Корея әскерилерi Солтүстiк демаркациялық аумақта және теңiз шекарасында бiр-бiрiне оқ жаудырған болатын. Сары теңiзде орналасқан аталмыш теңiз шекарасы Солтүстiк және Оңтүстiк Корея мемлекеттерiнiң арасындағы ең даулы аумақ болып табылады және 1999, 2002 мен 2009 жылдары ең қантөгiстi қақтығыстар осы жерде орын алған. «Солтүстiктен кенет шабуылдарға және Сары теңiздегi бiрқатар аралдарды басып алуға төтеп беру үшiн сол өңiрге қосымша Chiron Man зымырандары мен бронды техника жеткiзiлдi», - делiнген Әскери Штаб басшыларының бiрiккен комитетi (Joint Chiefs of Staff) таратқан хабарламада. Сондай-ақ 155 мм және 105 миллиметрлiк артиллерия жақын маңға орналастырылған. «Әскерилер егер Солтүстiк Корея тарапынан тұтқиылдан шабуылы жасалатын жағдайда қолға алынатын шаралардың бiрнеше нұсқасын дайындауда», - деп жазады JCS. Сонымен қатар баяндамада атап көрсетiлгенiндей, Сеул тарапы әскери жасақтың толық дайындығын қамтамасыз етiп отыр. Өз кезегiнде саясаткерлер шекарада орын алған мұндай оқыс жағдайдың орын алуы екi мемлекеттiң жылып келе жатқан қарым-қатынасына балта шабуы ықтимал деп баға бере бастады. Бұған дейiн Инчхонда екi мемлекеттiң лауазымды тұлғалары кездесiп, қараша айының басында тағы бiр маңызды саяси талқылаулар өткiзу жөнiндегi уағдаластық жасасқан, алайда Пхеньян тарапы осы атыстардан кейiн бұл келiсiм орындалмауы мүмкiн екендiгiн айтуда.