Шекарадағы автокөлік өткізу бекеттерінде шекарашылар мен кеден қызметкерлері ғана қалады - Қаржы вице-министрі
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы автокөлік өткізу бекеттерінде тек екі ғана орган - шекарашылар мен кеден қызметкерлері ғана қалады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.
Еске сала кетсек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін барлық тұлғалар мен көлік құралдары шекаралық, кедендік, санитарлық, ветеринарлық, фитосанитарлық және көліктік бақылау түрлерінен өткізіледі.
Бұл ретте ҚР Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев Қазақстанның 1982 жылдың 21 қазанында Женевада жасалған Шекарада жүктерге бақылау жүргізудің шарттарын келісу туралы Халықаралық конвенцияға қатысушы болып табылатынын атап өтеді. Оның айтуынша, аталмыш Конвенция кеден қызметіне бақылаудың басқа түрлерін қосу мүмкіндігін қарастырады. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 2011 жылдың 1 шілдесінен кеден органдарына санитарлық-карантиндік бақылау, ал 2013 жылдың 27 қаңтарынан кеден органдарына көліктік бақылау функциясы берілген.
«Ал ұсынылып отырған өзгерістер бойынша кеден органдарына ветеринарлық-санитарлық және фитосанитарлық бақылау қызметтерін беру қарастырылып отыр. Бұл функциялар қазіргі уақытта тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен атқарылып келе жатқаны белгілі. Ал осы заң жобасы қабылданса, Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы автокөлік өткізу бекеттерінде тек 2 мемлекеттік орган қалады, олар - шекарашылар мен кеден қызметкерлері. Бұл шекара арқылы көлік құралдары мен жүктердің іркіліссіз өтуіне септігін тигізеді. Осы арқылы мемлекет халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу міндетін атқарады», - дейді А. Теңгебаев.