Шекарадағы қаруланған қақтығысқа байланысты Қырғызстан СІМ Тәжікстанға екі нота жолдады

БІШКЕК. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қырғызстан Республикасының Сыртқы істер министрі 2014 жылдың 11 қаңтарында Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекеттік шекарасында әскерилер тарапынан қару қолдануға байланысты қақтығысқа қатысты екі ресми нота жолдағандығын хабарлады.

Шекарадағы қаруланған қақтығысқа байланысты Қырғызстан СІМ Тәжікстанға екі нота жолдады

Өз нотасында қырғыз тарапы қару қолданған тәжік әскерилерінің әрекетіне байланысты алаңдаушылық білдірген. Шекарада болған атыстың салдарынан жараланғандар да бар.

Қырғыздар жағы тәжік тарапын болған жағдайды бірге тергеп, оның орын алуына себепкер болғандарды жауапкершілікке тартуға шақырды.

Екінші нотада министрлік Тәжікстан тарапын ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап аталған жағдай тұрақтанғанша Қырғызстанның қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы барлық шекаралық және кедендік өткізу бекеттерін жабатындығы жайлы хабардар еткен. Бұл шара Қырғызстан тарапынан этникаралық қақтығыстар мен шекаралас аудандар тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынып отыр.

Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні Баткен облысының Баткен ауданы Ақ-Сай ауылының маңындағы бас су тарату жүйесінің жанында Тәжікстанның шекара әскерінің арнайы жасақ тобы мен Қырғызстанның МШҚ әскери қызметкерлері арасында ерегіс туындап, оның соңы 1 сағатқа жалғасқан атысқа ұласты. Салдарынан екі жақтан да жараланғандар бар.

Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметінің нұсқасы бойынша, атысты негізсіз түрде бірінші тәжік шекарашылары бастаған, олар қақтығыс кезінде миномет қолданған.

Бірқатар Қырғызстан БАҚ-тары дүйсенбі күні қақтығыс орын алған жерден түсірілген суреттерді жариялады.