«Шекарадағы шырғалаң өзбек пен қырғыздың қақтығысына ұласып жүрмей ме?» - республикалық басылымдарға шолу
***
Өткен сенбіде Санкт-Петербор қаласында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путиннің қатысуымен Кеден одағы Жоғарғы органының мәжілісі болып өтті. Осы мәжіліс қорытындысында ҚР мен РФ-ның арасындағы Кеден одағын қалыптастыру аясында халықаралық келісімдерді қолдану туралы келісім-шартқа қол қойылды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Ел мүддесіне қызмет ететін келісім» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылым ҚР Премьер-Министрінің «Қазақстан мен Ресейдің арасында Кеден одағын қалыптастыру тетіктеріне қатысты осыған дейін болған жекелеген түйінді мәселелердің барлығы шешімін тапқандығын, ортақ келісімнің табылғандығын қанағаттанғандықпен атап көрсетемін. Ең бастысы, Қазақстанның ұлттық мүдделері толық мәнінде қорғалатын болды» деген сөзін келтірген. Мақаланың егжей-тегжейін бүгінгі нөмірден оқи аласыздар.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Эни» концернінің бас атқарушы директоры Паоло Скарониді қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. П.Скарони Президентке концерннің ағымдағы қызметі мен Қазақстандағы жұмыс жоспарлары туралы хабардар еткен. Әңгімелесу барысында «Эни» Қазақстанның мұнайгаз саласындағы ірі инвесторлардың бірі болып табылатыны атап өтілген. «Біз Қарашығанақ және Қашаған жобаларына қатысты кейбір жұмыс тәсілдерін, сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италия Премьер-Министрі Сильвио Берлусконидің қатысуымен 2009 жылғы қарашада Римде қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумның барлық позициясын талқыладық. Бұл құжат «Эни» мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық үшін, бәрінен бұрын, газ, мұнай өңдеу, мұнайгаз саласының өзге салаларындағы жобаларға жаңа көкжиектер ашады», деген П.Скарони журналистерге арналған брифингте.
Сондай-ақ осы басылымда ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі жарияланды. Онда «Қазақстан Газа Секторының маңында Жерорта теңізінде болған қақтығыс туралы хабарды терең қайғыру сезімімен қарсы алды және қаза болғандар мен жараланғандардың отбасыларына көңіл айтады. Біз Газа Секторының халқына халықаралық гуманитарлық көмек көрсету қажет деп санаймыз. Қазақстан Республикасы қайғылы оқиғаның мән-жайын тезірек жан-жақты тексеруді жақтайды және барлық мүдделі тараптарды ұстамдылық танытуға және шиеленісті одан әрі ушықтыруға жол бермеуге шақырады», делінген.
***
«Өткен жексенбі күні әлемдік маңызы бар оқиға Нью-Йорк қаласында болды. Маңыздылығы сол, ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшартқа қол қойған 189 мемлекет өкілдері демалыс күні БҰҮҰ-ның біртіндеп қарусыздану жөніндегі жоспарын бекітті», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Назарбаев көтерген бастаманы 189 елдің өкілі қолдады» деген мақалада. Келісімге сәйкес, ядролық державалар ретінде мойындалған Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ пен Франция сынды мемлекеттер жоспарға сәйкес өз арсеналдарын азайту процесін жылдамдатуы тиіс. Құжатта 2012 жылы Таяу шығыста ядролық қару мен жаппай қырып-жоятын қарудан азат аймақты жариялау үшін конференция өткізу туралы үндеу жарияланған.
Осы басылымның тұрақты «Ақ сөйле!» айдарының сейсенбілік қонағы - ревмотолог, Буын аурулары клиникасының директоры, медицина ғылымының кандидаты Ғалымжан Тоғызбаев. Екеуара әңгіме барысында буын ауруларын емдеу тәсілдері, емдеу барысында қолданылатын озық технологиялар,сала мамандарының біліктілігі, емдеу құны сынды өзекті мәселелер қозғалған. Сұхбаттың толық нұсқасын басылымның бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Буын аурулары - ХХІ ғасырдың негізгі індеттерінің бірі» деген тақырыпта оқи аласыздар.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Әйелдің темекі тартқаны, ұрпақтың қасірет тартқаны» деген тақырыпта мақала басылды. Онда биыл темекіден бас тарту күнінің аталып өтіп келе жатқанына 22 жыл өтсе де, әлем бойынша темекіден бас тартқандардан гөрі, онымен достасқандар санының артып келе жатқаны айтылған. Басылымның жазуынша, мамандарды әсіресе соңғы жылдары темекіге қыз-келіншектердің қызығушылығының артып бара жатқаны алаңдатуда. Осыған орай, аталған ұйым биылғы жұмыстарында қоғам назарын темекінің қыз-келіншектер мен әйелдердің денсаулығына тигізер зиянына арнамақ. Бұл бүгінде әйелдердің темекі құмарлығына әлем назарын аударып отырғанының белгісі. Темекінің мұнша кең тарауына оның бағасының арзан болуы, өнімді өткізудің әлемдік кең тараған тәжірибесінің қалыптасуы, адамдар арасында темекі қаупіне байланысты хабардарлықтың төмендігі, темекіні тұтынуға қарсы бағытталған мемлекеттік саясат жоспарының болмауы себеп болып отыр.
Сондай-ақ осы басылымның өркениет бетінде жарияланған «Бабай» тербеген бесік» атты мақалада бүгінгі бесік баласының әлди әнінің орнына батыстың даңғаза әуенін тыңдап ұйықтайтынын айта келіп, әлди тыңдамаған баланың ертеңіне алаңдаушылығын білдіреді. «Бауыржан Момышұлы: «Немерелеріне ертегі айтатын әжелер азайды, содан қорқамын», - деген екен. Сол сияқты бүгінде «әлди, әлди» әнін айтып, ақ бесікке бөлейтін әжелеріміз азайды. Бесік жырының не екенін білмейтін аналарымыз көбейді. Жуырда жас босанған бір келіншектің үйінде болдық. Келін шырақ Агилераның атышулы әнін айтып, бесік тербетіп отыр. Шошынып қалдым. «Бесік жырын білмейсің бе» дегеніме, иығын қиқаң еткізді. Өздері дискотекада билейтін, хит әндерді айтып, баласын ұйықтатып отыр. Өкініштісі, Батыстың даңғаза, у-шулы әніне құлағы үйір болған баласы ертең қай тілде сөйлеп, қай тілде «ойлар» екен?.. », деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, Қырғызстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекаралары тоқайласатын тұстағы кейбір келеңсіздіктерге байланысты ресми Бішкек «Қайтпас» шекаралық бекетін жабу туралы шешім қабылдаса, өзбектар жағы қарулы жасағын әкеліп отырғанға ұқсайды. Шекараның жабылуы мен әскердің шоғырлануында не сыр бар? Бұл сауалға басылымның сейсенбілік нөмірінде жарық көрген «Шекарадағы шырғалаң өзбек пен қырғыздың қақтығысына ұласып жүрмей ме?» деген мақаладан жауап ала аласыздар.
***
«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, кеше саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды кешенінде репрессияға ұшырағандарды еске алуға арналған шара өткен. Аталған жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, қалалық мәслихат хатшысы Владимир Редкокашин және «Нұр Отан» ХДП астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әмірхан Рахымжанов қатысып, мұражайдың еске алу тақтасына гүл шоқтарын қойған.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Қорғаныс министрі Лян Гуанлені қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу кезінде екіжақты ынтымақтастықтың мәселесі талқыланған. «Біз Қазақстан мен ҚХР қорғаныс ведомстволарының бұдан былайғы ынтымақтастығы мәселесін және біздің елдердің күш құрылымдары арасындағы достық байланыстарды нығайтуды талқыладық. Біз Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық қарым-қатынастарды дамытуға ерекше көңіл бөлгені үшін разымыз», депті Лян Гуанле.
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында көрнекті қазақстандық спортшыларды партияға мүшелікке қабылдау рәсімі өткен. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Светлана Подобедова, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Владимир Седов, таэквондодан 2008 жылғы Олипиада ойындарының қола жүлдегері Арман Шілманов сынды елімізге танымал спортшылар бар.