Шекарадан 200 литр дизельді отынды заңсыз алып өтпек болған азамат құрықталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде қазақстандық шекарашылар 200 литр дизельдік отын мен 100 келіден астам сүт өнімдерін шекарадан заңсыз алып өтпек болған азаматтарды ұстады. Бұл туралы бүгін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Бірінші жағдайда Қордай шекара отрядына қарасты «Сортөбе» өткізу-бақылау бекетінің бақылаушылары 200 литр дизельді отынды «Ауди-100» автокөлігімен шекарадан заңсыз өткізбек болған қазақстандық азаматты ұстады. Қазір осы оқиғаға байланысты анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Ал «Мерке» жекелеген өткізу-бақылау бекетіне қарасты «Айша-бибі» шекаралық бақылау бөлімшесінің бақылаушылары шекарадан 100 келіден астам сүт өнімдерін сертификатсыз өткізбек болған қырғыз елінің азаматын ұстады.
Бұл оқиға бойынша да анықтау жұмыстары жүргізілуде. Ұсталған азаматтар тиісті органдарға тапсырылды.