Шекарадан заңсыз мұнай кіргізбек болғандар ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Ақсай» (Батыс Қазақстан облысы) өткізу-бақылау бекетінің бақылаушылары Ресей Федерациясының азаматын ұстады, деп хабарлайды ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Аталған азамат «MAN» автокөлігімен Ресей Федерациясынан біздің елімізге заңсыз жолмен 28 тонна шикі мұнайды алып өтуге тырысқаны анықталды.
Тексере келгенде оның қолында аталған жүкке сәйкес келетін құжат болмай шықты.
Ұсталған азамат жүгімен бірге Батыс Қазақстан облысының қаржы полициясына берілді.
«Жаңажол» шекаралық бақылау бекетінің бақылаушылары (Солтүстік Қазақстан облысы) «Скания» автокөлігімен 40 000 литр пешке жағатын сұйық отынды заңсыз жолмен біздің елімізден Ресейге өткізбек болған 50 жастағы Ресей Федерациясының азаматын ұстады.
Тексере келгенде машинадағы бензин жанармайының (одан да қымбат жанармай болуы мүмкін) құжаттары пешке жағатын отын ретінде толтырылғандығы анықталды.
Сараптама жүргізу үшін ұсталған жүк Қаржы полициясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне берілді.
Ұсталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 183-1 тармағы бойынша қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін (үлкен көлемдегі мұнай өнімдерінің алынған жерінен дәлеледейтін құжаттарсыз тасымалдау, сатып алу және сақтау).