Шекараның шебінде қанша қазақстандық тұрып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі 10 жылдың ішінде Қазақстан картасынан 572 ауыл жойылған. Алдағы 3 жылда олардың қатарына тағы 546 ауыл қосылуы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

— 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 219 стратегиялық ауылдық елді мекен бар, халық саны 142,8 мың адамды құрайды, — деп жазылған жауапта.
Олардың ішінде еңбекке жарамды халықтың үлесі — 51,4%, кәмелетке толмаған балалар — 31%, зейнеткерлер — 13%.
— Қазіргі таңда уәкілетті мемлекеттік органдар шекаралас аудандардағы, экстрималды табиғи-климаттық жағдайлары бар шалғай аймақтар тұрғындары үшін жалақыға үстемақы енгізу және еңбек өтілін есептеу бойынша арнайы нормаларды енгізу мәселесін қарастыруда, — делінген ресми мәліметте.
Жалпы шекаралық ауылдың халқына айлығы мен зейнетақысына, әлеуметтік төлемдеріне үстемеақы төленуі мүмкін деген мәлімет талайдан бері айтылып келеді.