Шекарашылар есірткі өткізбек болғандарды ұстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері шекарашылар мемлекеттік шекара арқылы есірткі өткізбек болған бірнеше дерек тіркеді, деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметінен.

Шекарашылар есірткі өткізбек болғандарды ұстады

Еліміздің шығысындағы «Ауыл-авто» шекаралық бақылау-өткізу бекетінің бақылаушылары «Өскемен-Новосибирск» бағытында келе жатқан «КИА-Гранбирд» жолаушылар автобусын тексеру кезінде Қазақстан Республикасының азаматын ұстады. 25 жас шамасындағы отандасымыздың қалтасынан екі құтыға салынған психотропты есірткілік зат - тарен табылды. Шекара қызметінің «Солтүстік» өңірлік басқармасына қарасты «Шемонаиха - теміржол» бақылау-өткізу бекетінің бақылаушылары «Риддер -Астана» бағытында келе жатқан жолаушылар пойызын тексеру кезінде 27 жастағы Қазақстан азаматын ұстады. «Лора» есімді қызметтік иттің көмегімен №8 вагонды қарау кезінде бір купенің жоғарғы сөресіндегі спорттық бас киімнің ішіне жасырылған салмағы 90 грамм болатын есірткілік зат «марихуана» табылды. Аталған деректер бойынша құқыққорғау органдары хабарландырылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.