Шекарашылар Каспийде браконьерлерді қолға түсірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін теңіздегі шекарашылар браконьерлікпен айналысқан Ресей Федерациясының 4 азаматы бар байданы ұстады, деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен.

Шекарашылар Каспийде браконьерлерді қолға түсірді

Құлалы аралының батыс бөлігіндегі «Жағалау күзеті» аймақтық басқармасының «Қалқан» шекаралық кемесінің экипажы «Ямаха-200» екі қозғалтқышымен жабдықталған байданы байқап қалған.

Шекарашылар суда жүзу құралын тоқтату туралы белгі берді. Алайда браконьерлер оны елемей, қашып құтылмаққа әрекеттенген. Нәтижесінде экипаж оқ атуға мәжбүр болды. Байда тоқтатылды. Бортта Ресей Федерациясының 4 азаматы болған.

Шағын кемені тінту кезінде ұзындығы 500 метрлік ау, газ баллоны, 2 оттық, қозғалтқыштарды басқаратын рычаг, 6 рөлді гидравликалық басқару құралы, спутниктік және ұялы телефондар табылды.

Оқ атылғанымен жапа шеккендер жоқ. Ұстау фактісі туралы құқық қорғау органдарына хабар берілді. Тергеу амалдары жүргізілуде.