Шекарашылар мен кеден қызметкерлері ағылшын тілін білулері керек - Ә.Исекешов
ТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Шет мемлекеттен келушілер кеден қызметкерлері мен шекарашылардың іс-әрекеттеріне наразы болып отыр. Бұл мәселені бүгін селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында Үкімет басшысының орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов көтерді.
Оның айтуынша, инвесторлардың қандай да бір мемлекетке инвестиция салу жөніндегі шешімдері сол елге алғаш келген кезде алатын әсерімен байланысты. «Бұны елімізге келіп жатқан инвесторлар да айтуда. Ал еліміздің әуежайларында шетелдіктерге немқұрайлы көзқарас таныту жағдайлары кездесіп тұрады. Олар көбіне кеден қызметі, шекарашылар сияқты құзырлы орган қызметкерлерінің қызмет этикасын қадағаламау, дөрекілік түрінде көрініс табады»,-дейді министр.
Оның сөзіне қарағанда сонымен қатар қызметкерлердің ағылшын тілін ең құрығанда базалық негізде де білмеуі түрлі қиындықтарға ұшыратады. «Осыған байланысты біз кеден қызметкерлері мен шекарашыларға күнде таңертең түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз. Сондай-ақ олардың ағылшын тілін білгендері жөн. Ал ағылшын тіліне қатысты мәселені жүйелі түрде шешу үшін кеден және шекара қызметтерінде қызметкерлерді ағылшын тіліне үйрету бағдарламалары болу керек»,-деді Ә.Исекешов.