Шекарашылар Ресейге марихуана алып өткен екі жігітті ұстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде Қостанай облысындағы қазақстандық шекарашылар есіткі заттарын шекара арқылы алып өтпек болған екі оқиғаның жолын кесті, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.

Шекарашылар Ресейге марихуана алып өткен екі жігітті ұстады

Атап айтқанда, «Қайрақ - авто» бақылау-өткізу бекетінің шекара жасағы (қазақстандық - ресейлік шекара) 16 маусымда түсте иісшіл иттің көмегімен 1992 жылғы Максим есімді азамат ұсталды. «ВАЗ-2170» автокөлігін мінген жігіт Ресейге бара жатқандығын тілге тиек етіп, ешқандай заңсыз заттарының жоқ екендігін айтып ақталды. Бірақ, жеке басын шекаралық бақылаудан өткізу кезінде оның қалтасынан жасыл түсті ұнтақ шыға келгені сол еді, ол дереу одан құтылғанша асығып еденге қарай лақтырып жіберді. Алдын ала сараптама бойынша оның «марихуана» екендігі анықталды. Салмағы 30 грам.

Келесі дерек осы облыстың аумағында орналасқан «Обаған - авто» бақылау-өткізу бекетінде бүгін түнде рын алды. «Лисаковск-Тюмень» бағытында жол жүріп бара жатқан рейстік автобусқа қызметтік иттің көмегімен шекаралық бақылау өткізу кезінде 1984 жылғы азамат ұсталды.

Қызметтік ит оның қалтасында есірткі бар екендігін білдірді. Қалтасын айналдырып қарағанда қызметтік иттің күдігі расқа айналып, одан 10 грамм марихуана табылды.         

Аталған деректер бойынша материалдар Қостанай облысы Қарабалық аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне берілді.