Шекарашылар заңсыз түрде шекарадан өтпек болған өзбекстандық отбасы мүшелерін ұстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен тәулік ішінде қазақстандық шекарашылар мемлекеттік шекараны бұзған 5 адамды ұстады. Бұл туралы ҚР ҰҚҚ Шекара қызметінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Шекарашылар заңсыз түрде шекарадан өтпек болған өзбекстандық отбасы мүшелерін ұстады

«Таңғы сағат бестің шамасында «Қорғас» заставасының аумағындағы бақылау жүйесі шырылдап қоя берді. Мән-жайды анықтау үшін шекара наряды жолға шықты. Шұғыл қимылдың арқасында шекара бұзушы адам қолға түсті.

Алдын ала тергеу кезінде оның қытайлық азамат екендігі, қытай тілімен қатар ағылшын тілін білетіндігі анықталды. Одан ҚХР азаматының куәлігі табылды, ал қолындағы дорбасынан спирттік ішімдіктер, ұялы телефон, дүние жүзінің картасы бейнеленген блокнот, пышақ, көзілдірік, спорттық киім-кешектер мен азық-түлік шықты»,- деп жазылған хабарламада.

Осы күні еліміздің батысындағы Бейнеу шекара отрядына қарасты «Оазис» заставасының шекарашылары заңсыз түрде шекарадан өтпек болған өзбекстандық отбасы мүшелерін ұстады (әкесі, шешесі, 19 жасар қызы мен 4 жасар баласы). Ұсталғандардың қолында ешқандай құжаттары болмай шықты.

Тергеу кезінде жақсы жұмыс іздеп келе жатқандықтарын, сол себепті мемлекеттік шекараны өздері қалаған жерден кесіп өткендіктерін айтты.

Аталған дерек бойынша құқыққорғау органдары хабарландырылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.