«Шектен шыққан шенеуніктер шеттетіледі» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 23 тамыз, бейсенбі күні шыққан өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Қырғыз Республикасына келді. Қазақстан басшысын «Манас» әуежайында Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қарсы алды. Ықылым замандардан бері қазақ пен қырғыздың дипломатиялық қарым-қатынасы үзілмеген, тәуелсіздік жылдарының бедерінде талай ынтымақтастық құжаттармен бекемделген десек те, бұл сапар Елбасының Қырғыз Республикасына жасаған алғашқы мемлекеттік сапары болып табылады. Әрине, бұл екі ел арасында осы жылдарда барыс-келіс, алыс-беріс болмады дегенді білдірмейді. Алайда, 2010 жылғы Ош оқиғасынан бері бұл елге ТМД-дан бірде-бір мемлекет басшысының жолы түспегенін ескерсек, Елбасының бұл сапарының салмағы арта түседі.
ТМД кеңістігінде ғана емес, саясаттың әлемдік айдынындағы айтулы саясаткердің Қырғызстанға арнайы келісінен айыр қалпақты ағайындар көп жақсылық күткені ақиқат. Бұл мақала газеттің бүгінгі санында «Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақтай бауыры барда қырғызды қуаңшылық та, қиыншылық та ала алмайды» атты тақырыппен беріліп отыр.
«Әдетте, Ақселеу туралы әңгімеде оның ғылым саласындағы салиқалы еңбектері екшеліп, егжей-тегжей талданып, таратыла таразыланады да, қаламгерлік қыры атүсті, жол-жөнекей айтылумен шектеліп жүргені шындық. Ал ақиқатына жүгінер болсақ, алдымен Ақселеудің атын шығарып, есімін елге танытқан әдеби шығармалары. Оның жорналшыдан басталған шығармашылығы ұзамай көркем әдебиет ауылына қоңсы қондырған. Бұл әсте әуестік емес, шынайы шығармашылық қасиет-дарынның жемісі еді. Іле-шала төрт бірдей кітабы жарыққа шығып, ол бірден белгілі қаламгерлер қатарына қосылған. Әсіресе, «Күзеуде», «Аққыз», «Ақиық», «Қыз ұзатқан», «Бір атым насыбай» повестерімен туған әдебиетіміздің қатары тағы бір талантты жазушымен толысқанын оқырмандар да, әдеби орта да қуана қарсы алғаны ақиқат. Бұл жерде жас жазушының өз тақырыбымен, өз жазу мәнерімен келгендігін айту парыз», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында. Жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбек жайында «Ақселеу ақиқаты» тақырыбындағы мақаладан оқи аласыздар.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Шектен шыққан шенеуніктер шеттетіледі» атты мақала жарық көрді. Газеттің жазуынша, қоңыр күз келісімен, Қазақстанда мемлекеттік қызметті реформалау басталып кетпек. Жазғы демалыстарынан қайтқан депутаттар шенеуніктерге қатысты жаңа заңның жобасын қолға алады деп күтілуде. Бұл реформаға Қазақстан Көшбасшысы бастамашы болып отыр. Осылайша мемлекеттік топ-менеджерлердің жеке шоғыры қалыптастырылады.
***
«Адамның сырт келбеті ішкі жан дүниесіне сәйкес келгенде ғана толық сұлулыққа қол жеткізетіні секілді, сәулет өнерінің де ұлттық нақышқа ден қоюы ұлтқа, елге ерекше әр беретіні рас. Өкінішке қарай, өркениет көшіне ілесіп, зәулім ғимараттарға көшкен тұста сан ғасырлардан бері ұлы аналарымыздың зерттеп, зерделеп жасаған ою-өрнектері көзден тасаланып, көңілден өшіп бара жатыр. Бәлкім, бұған баз біреу «қазақты қашанғы киіз үйге қамай бермекпіз» деп қарсы уәж айтар. Алайда ол қазақылықты әлі күнге архаизм еншісіне қалдырып, жаңа заманнан оған орын бермей отырған көзқарас екенін ұғынуымыз шарт»,-деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Сәулет өнерін ұлттық нақышқа бұру тұрғысындағы мәселені көтерген бұл мақала «Үйлеремізді ұлттық үлгіде «киіндіретін» кез жетті» тақырыбымен беріліп отыр.
Осы басылымның бүгінгі санында «Жалған дәрі-дәрмек сататындарды қылмыстық жазаға тарту керек пе?» атты мақала басылды. Соңғы уақытта Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығына заңсыз енгізілген фармацевтік өнімдер туралы жиі айтыла бастады. Тіпті кейбір мамандар «жалған дәрілік препараттарды таратқаны үшін кәсіпкерді қылмыстық жазаға тарту керек» деген дк әңгімелер көтеруде. Жалпы, бұл мәселе бізде неге ушығып кетті? Мұның барлығы дәрі -дәрмектерді қадағалауға алмай, оның сапасына бақылау жүргізуді босаңсытып алғандығымыздан емес пе?