12:51, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Шектен тыс зиян келтіреді деп саналатын кәдімгі қару түрлерін қолдануға тыйым салатын заң қабылданды ? Сенат
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат/Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Шектен тыс зиян келтіреді немесе таңдамай әрекет етеді деп саналуы мүмкін кәдімгі қарудың нақты түрлерін қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы конвенцияны және Конвенцияның хаттамалары:

Анықталмайтын жарықшақтар туралы І хаттаманы, Өртегіш қару туралы ІІІ хаттаманы және Көзді соқыр ететін лазерлік қару туралы ІҮ хаттаманы ратификациялау туралы» заң қабылданды. Енді аталған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл Конвенция бірқатар халықаралық ізгілік нормаларын қамтыған. Атап айтқанда, құжатта таңдамай әрекет ететін қаруды қолдануға және шектен тыс зиян келтіруге немесе халықты қайғы-қасірет шектіруге қабілетті қаруды қолдануға тыйым салу шаралары көзделеді. Ал құжатта көрсетіліп отырған Хаттамалар бұлар Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылады. Осыған орай, Анықталмайтын жарықшақтар туралы хаттама (І хаттама) ? негізгі әрекеті рентген сәулелерінің көмегімен адам денесіне білінбейтін жарықшақтармен зақым келтіруден тұратын кез келген қаруды қолдануға тыйым салады. Өртегіш қару қолдануға тыйым салу немесе шектеу туралы хаттама (ІІІ хаттама) - өртегіш қаруды қарапайым халыққа және азаматтық нысандарға қарсы қолдануға тыйым салуды көздейді. Бұл ретте осындай қаруды өсімдік қабатына және әскери нысандарға да қолдануға тыйым жасалады. Ал Көзді соқыр ететін лазерлік қару туралы хаттама (IY хаттама) - адамның көру органдарының мүлдем көрмей қалуына әкеп соғатын лазерлік қаруды қолдануға тыйым салатын болады.
Заң бойынша баяндама жасаған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Болат Сембиновтың айтуынша, бүгінгі күні осы Конвенцияға әлемнің 102 мемлекеті, оның ішінде Ресей, Қытай секілді алпауыт елдер және алдыңғы қатарлы Еуропа елдері қосылған. «Конвенция хаттамаларын қабылдау Қазақстанның қорғаныс қабілетіне және қауіпсіздігіне ешқандай нұқсан келтірмейді әрі Қазақстанның халықаралық гуманитарлық құқықтың жақтаушысы екендігін растай түседі», - деді Б. Сембинов.
Бұл Конвенция Женевада 1980 жылы қазанның 10-ында қабылданған.