Шэньчжэндегі Alatau City халықаралық роуд-шоуы: 24 келісімге қол қойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан делегациясы бүгін Оңтүстік Қытайда жаңа Алатау қаласының дамуына арналған ауқымды инвестициялық роуд-шоу өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі. 

Шэньчжэндегі Alatau City халықаралық роуд-шоуы: 24 келісімге қол қойылды
Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары, инвестициялық қорлар, қаржы институттары және жетекші даму және технологиялық компанияларының өкілдері қатысты. 

Қатысушыларға Алатау қаласының негізгі даму бағыттары, соның ішінде инвесторлар үшін жеңілдік шарттары, инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау және арнайы құқықтық режимнің басқа да мүмкіндіктері ұсынылды. 

Ұйымдастырушылар инновациялар мен цифрлық басқару саласындағы әлемдік көшбасшы Шэньчжэньнің тәжірибесін зерттеуге ерекше назар аударды. Қытай мегаполисінің озық тәжірибелерін қазақстандық қала құрылысында белсенді түрде қолдану жоспарланып отыр. 

Бағдарлама аясында Қытайдың алып корпорациялары, соның ішінде China Resources, Ping An Group, China State Construction Engineering Corporation International, Funde-Gemdale Group, China International Marine Containers Group, Sunwah Group, SINOMACH Hainan Development және басқа да компаниялардың басшылығымен бірқатар екіжақты кездесу өтті.

Тараптар «Алатау» инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыруда қытайлық бизнестің қатысуын, өндірісті локализациялау, технологиялар трансфері және қала құрылысы саласында тәжірибесімен алмасуды талқылады. 

Кездесулердің басты нәтижесі 24 ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болды. Тараптар жалпы инвестициялық әлеуеті 6 млрд долларға дейін өнеркәсіп, энергетика, логистика, жоғары технологиялар және цифрлық экономика салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті. 

Шэньчжэньдегі роуд-шоу халықаралық бизнестің Алатау қаласын дамытуға деген жоғары қызығушылығын растады. Бұл жоба ірі нарық ойыншыларының назарын аударды, ал жұмыс одан әрі Гонконгта жалғасады, онда жетекші инвестициялық қорлар, банктер, сақтандыру компаниялары және технологиялық алыптармен кездесулер жоспарланып отыр. 

Осыған дейін Қазақстан Алатау қаласын Оңтүстік Кореямен бірлесіп дамытатынын хабарладық.