«Шэньчжоу-18» миссиясының тайконавтары Жерге оралды
АСТАНА. KAZINFORM – Дүйсенбі күні таңертең «Шэньчжоу-18» басқарылатын ғарыш кемесінің қайтарылмалы капсуласы Қытайдың солтүстігіндегі Дунфэн алаңына қонды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Миссияға қатысқан үш тайконавт капсуладан шығып кетті. Бұл туралы ҚХР басқарылатын ғарыштық бағдарламасының басқармасы хабарлады.
Орбитада алты ай бойы болған «Шэньчжоу-18» миссиясының экипажы 4 қарашада айналымнан кейін Жерге оралды.
Басқарма ақпаратынша, «барлық ғарышкерлердің физикалық жағдайы жақсы, олардың миссиясы толығымен сәтті болды».
Еске сала кетсек, 30 қазанда Қытай Цзюцюань ғарыш айлағынан «Шэньчжоу-19» басқарылатын ғарыш кемесін ұшырды. Құрамында үш тайконавт бар «Шэньчжоу-19» кемесі станцияда 2025 жылдың сәуір айының аяғы немесе мамыр айының басына дейін болады.