«Шенеуніктер босаңсымауы тиіс» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 наурызда, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевты қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Саланы дамыту үшін салиқалы іс-қимыл қажет» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, кездесу барысында отандық аграрлық ғылымның жай-күйі, сондай-ақ, оны одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. А.Күрішбаев университеттің соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері және жоғары оқу орны арқауында халықаралық аграрлық зерттеу университетін құру жөніндегі Мемлекет басшысы тапсырмасының іске асырылуы туралы баяндады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жеткілікті көлемде жер және адам ресурстары бар екеніне қарамастан, елімізде ауыл шаруашылығы саласы тиісті қарқында дамымай отырғанын айтты. «Біз ауа райы қолайлы, жауын-шашын қажетті мөлшерде болғанда ғана мол астық жинаймыз. Әрине, ауыл шаруашылығында өнімділік бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артты, бірақ әлі де бұл бағытта белсене жұмыс жүргізу міндеті тұр. Мемлекет осы міндеттің орындалуына едәуір ресурстар бөлуде», - деді Қазақстан Президенті.

Осы күндері Сочиде өтіп жатқан қысқы Паралимпиада ойындарына орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Паралимпиада: жүлде ауылы көрінер емес» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, аталған байрақты бәсекеде Қазақстаннан бес спортшы қатысуда. Жалпы, Сочи Паралимпиадасында әлемнің 45 елінің 1650 мүгедек спортшысы слеж-хоккей, керлинг, шаңғы жарысы, биатлон, тау шаңғысынан 72 медаль жиынтығын сарапқа салуда. Қазақстан Паралимпиада комитетінің деректеріне қарағанда, біздің спортшылар Сочи сынына жолдаманы Канада, Финляндия, Германияда өткен іріктеу жарыстарында жеңіп алған. «Жалпы, еліміз спортшылары осы кезге дейін бес қысқы Паралимпиадаға қатысқанымен, бірде-бір медаль алмаған екен. Осыған байланысты біздің мемлекетіміз Сочи Паралимпиадасында алтын медаль алған спортшыға 50 000, күміс алған отандасымызға 35 000, қола алған спортшыға 25 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындады», - деп жазады басылым. «Айқын» газетінің бүгінгі санында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Экология кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Келіс Жайлыбаймен арадағы сұхбат «Біздің мақсатымыз - Елбасының «жасыл белдеу» идеясын жастар арқылы жүзеге асыру» деген тақырыппен берілді. «Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың Парламент мәжілісінде Үкімет сағатында жасаған мәлімдемесі бойынша, «ғаламдық жылыну» процесі Қазақстанда жылдамырақ жүруде. Аталған процестің салдарынан Антарктидадағы, Гренландиядағы, биік таулар басындағы мұздықтар 2001-2003 жылдардан бастап 3-4 есе жылдамдықпен еруде. Нәтижесінде әлемдік мұхит 7-9 метрге және одан да жоғары деңгейге көтеріледі деген болжам бар. Яғни теңіз жағалауындағы көптеген қалалар, елді мекендер су астында қалуы мүмкін. Ал құрылық ортасындағы жерлерде, мысалы, Қазақстанда жауын-шашын мөлшері күрт азайып, өте күшті қуаңшылық жағдай қалыптасып, тұщы су проблемасы туындауы ықтимал», - дейді. Сондай-ақ ғалым Гренландиядағы, Антарктидадағы, биік таулар басындағы мұздықтар жылдам ерігендіктен жоғарыда аталған 40-45 жылдың әдепкі 15-25 жылы ішінде көктем, жаз айларында жауын, ал кыс айларында қар көп жауып, тасқын су проблемалары туындайтындығын алға тартады. Оның сөзіне қарағанда, кейінгі 2-3 жыл ішінде мұндай жағдайлар Еуропада, Австралияда, Қытайда, Индияда, Жапонияда, Ресейде, Тынық мұхит аралдарында және Қазақстанда кыс кезіндегі қар көп мөлшерде жауғандықтан, көктемдегі, жаздағы нөсер жаңбыр әсерінен көптеген елді мекендерді тасқын су басты.

Билеуші партия қазіргі кезде халықты шын мәнінде не толғандыратынын анықтапты. Ол мәселелердің тізімі кеше жария етілді. Осы күні «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында мемлекеттік органдардың қызметіне пәрменді қоғамдық бақылау орнату мәселелеріне арналған кеңес өтті. Бұл жайтқа мақала арнаған «Айқын» газетінің жазуынша, өйткені шенеуніктердің, тіпті Елбасы тапсырмаларын орындауға да немқұрайлы қарайтындығы мәлім болуда. «Осы орайда «Нұр Отанның» хатшысы Эльдар Сыздықов Президент, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың меморгандар жұмысына бақылауды күшейту туралы тапсырма бергенін қадап айтты», - деп жазады басылым. Мақала өзегіне қарағанда, Көшбасшы партия жұртшылықтан алыстап кетпегені, қайта аралас-құралас жүргені абзал. Сондықтан «Нұр Отан» әлеуметтік сауалнамалар мен тәуелсіз зерттеулер жүргізу және қоғамдық қабылдауларына келетін азаматтардың арыз-шағымдарына талдау жасау арқылы ел тіршілігінің «тамырын басып», қазақстандықтардың әлеуметтік хал-жағдайын бағамдап отыр екен. Жарияланым «Шенеуніктер босаңсымауы тиіс» деген тақырыппен берілген. «Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астанаға жұмыс сапарымен келген Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес еліміздің «ЭКСПО-2017»-ге дайындық жұмыстарына ризашылығын білдіріп, осы қарқын бәсеңдемесе, Қазақ елі үлкен жетістіктерге жететінін мәлімдеді»,- деп жазады «Астана ақшамы» газеті сенбілік санындағы «Алғашқы қада сәуірде қағылады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, «ЭКСПО» мамандандырылған көрмесін өткізу арқылы қазақ елі өзінің ұлт ретіндегі ерекшелігі мен қол жеткізген табыстарын әлем алдында айшықтауға үлкен мүмкіндік алып отырғандығын айтқан Лоссерталес мырза бұл айтулы шара мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң әсер ететінін жеткізген.

Соңғы жаңалықтар