Шенеуніктер шетелдік көліктерді алу үшін неге әртүрлі баға белгілейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық шенеуніктер бір маркадағы шетелдік қымбат көліктерді әртүрлі бағамен сатып алуды әлі де жалғастырып жатыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Кеңес Абсатиров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шенеуніктер шетелдік көліктерді алу үшін неге әртүрлі баға белгілейді

«Биылғы мамырда «Ақ жол» фракциясының сауалына берілген жауапта шетелде өндірілген автомобильдерді алған мекеме басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту жайында, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әр санаты үшін тиісті стандарттарды айқындау турлы айтылған еді. Дегенмен де Қазақстанда осы лайықты көліктер бүгінде шығарылып жатса да, мемлекеттік органдар бұрынғысынша автокөлік паркін басқа да шетелдік көліктермен жаңартуды жалғастыруда», - деді депутат Абсатиров Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Белгілі болғандай, ағымдағы жылдың тек 9 айының қорытындысы бойынша шенеуніктер 6 млрд теңге сомасында шетелдік 500 көлікті сатып алған.

«Сонымен бірге санаты мен маркасы бойынша бірдей автокөлік үшін бағаның әртүрлі деңгейде қалыптасуы елеусіз қалмай отыр. Мәселен, «Toyota Camry»  көлегіне Алматы онкологиялық орталығы қарастырған баға 7,5 млн теңгені құраса, Жамбыл облысындағы Талас, Сарысу, Мерке аудандары әкімдерінің аппараттары осы модельге 12-ден 14 млн теңгеге дейін баға белгілеген. Ал Талдықорған қаласы әкімінің аппараты бұл автомобильді сатып алуға  23 млн теңгеден астам қаражатты жоспарлап, көлік құнын үш есеге арттырған.  Дәл осындай жағдай «Toyota Land Cruiser 200» автокөлігі бойынша да қалыптасып отыр. Бұл тұрғыда бағаның айырмашылығы 5 млн теңгеден асып түседі. Павлодар қаласы әкімінің аппараты осы модельдегі көлікті сатып алуға 20 млн теңгені ескерсе, Қостанай облысы Әулиекөл ауданы әкімінің аппараты 25 млн 125 мың теңгені қарастырған. Мұндай басқа мысалдар баршылық», - деді депутат.