«Шенеуніктеріміздің тек шетелдерде емделуінен-ақ елміздің медицинасының жағдайын ұғуға болады» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 29 қыркүйек, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Кеше Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовті қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, С.Ахметов Мемлекет басшысын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ағым­дағы жылы атқарылған жұмысы туралы хабардар етті. 8 айдың қорытындысы бойынша өнер­кә­сіп өнімі өндірісінің көлемі 870 млрд. тең­геден асты. Бұл ретте 2011 жылдың соңында айғақты көлем индексі 105 пайыз болады деп күтілуде. Қарағанды облысы үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру бойынша еліміздің өзге өңірлері арасында көш бастап келеді. Есеп қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қарағанды облысының әкіміне өңір­ді әлеуметтік-экономикалық жағынан одан әрі дамытуға қатысты нақты тап­сыр­малар берді.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында еліміздегі Франция мен Швейцарияның Төтенше және өкілетті елшілері журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, онда қазақ­стандық ұлттық төлқұжат иелеріне 3 айдан аспайтын қысқа мерзімге виза беруде екі ел арасында келісім жасалғанын айтты. Енді Франция мен Швей­ца­рия­ның Қазақстандағы елшіліктері еліміздің ұлан-ғайыр аума­ғын ескеріп, азаматтар тұрғы­лық­ты орындарынан виза үшін өте ұзаққа жол тартпасын деп Ақмо­ла, Қарағанды, Шығыс Қазақ­стан, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қа­зақстан, Атырау және Маң­ғыс­тау облыстарының тұрғындары­ның виза алуға өтініштерін Астана қаласындағы Швейцария елшілігіне, ал Алматы, Жамбыл, Оң­түстік Қазақстан және Қызыл­орда облысының азаматтары Ал­маты қаласындағы Франция Бас консулдығына тапсыру мүмкінді­гін туғызған. Бұл келісім қазан айының 3-інен бастап күшіне енетін болды.

***

«Карусель деген айналып тұратын аттракционды білмейтін адам жоқ шығар, сірә. Бір орындығына жантайған жан бір жерді бірнеше рет айналады. Сол сияқты саясаттың да өзіндік каруселі бар. Бұған дәлел - Мәскеу «аттракционы». Дәлірек айтқанда - Кремль каруселі», деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Кремль каруселі қызық теңселеді» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Ресейдің саясаты алдағы онжылдықта өзгеріссіз қалады. Путин-Медведов тандемінің бүгінгі жеңісі ертең өздеріне стратегиялық соққы болып тиюі мүмкін. Себебі Ресейде жасыратын жоқ, неоимпериалистік саясат жүргізіліп келеді.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Бақыт Түменовамен арадағы сұхбат «Шенеуніктеріміздің тек шетелдерде емделуінен-ақ елміздің медицинасының жағдайын ұғуға болады» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Еліміздегі жағдайы бар адамдар балаларын шетелге оқуға жіберуге әуес. Ал шетелге оқуға барған балалар ебін тауып, сіңісіп сонда қалуға тырысады. Яғни олар біздің еліміздің болашағына сенбей отырғандай. Елімізде халық саны онсыз да аз», - дейді.

***

Қазақстанның 8 азаматы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын Оңтүстік полюсте қарсы алып, 16 желтоқсан күні Антарктидада да көк байрағымызды желбіретеді. Бұл жағымды жаңалық «Айқын» газетінде «Антарктидада көк байрағымыз желбірейді» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, автокөлік экспедициясының қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етілген, осыған дейін авткөліктер 2308 шақырым жолды артқа тастап, Новолазеревская бекеті мен Оңтүстік полюс аралығын 108 сағатта жүріп өткен. Бұл жетістік дүниежүзі бойынша Антарктидаға квтокөлікпен жетудің ең жылдам көрсеткіші ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

***

«Кеше Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесі ведомствоаралық комиссиясының кезекті отырысы болды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Отырыста елдің шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қуатты құрылымдар қызметін жетілдіру мәселелері қарастырылды. Комиссия отырысында сөз алған мемлекеттік органдар өкілдері өз құзыреттері шеңберінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде қабылданудағы шаралар туралы хабарлады.

Соңғы жаңалықтар