Шенеуніктер фермерлердің миллиардтаған инвестиция құйған жерлерін сотпен алып қойған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының жер ресурстарын басқаруға жауапты мемлекеттік органдары соңғы екі жылда 33 шаруаны жерінен айырған. Прокуратура олардың арасында адал еңбек етіп, өз қаражатына жер теліміне инфрақұрылым тартқан субъектілер бар екенін айтады

Жер
Фото: ҚР АШМ

Облыс прокурорының аға көмекшісі Жандос Сағатбековтың сөзінше, жер ресурстарын дамыту департаменті сотқа 44 талап арыз берген. Оның 24-і қанағаттандырылып, салдарынан 33 фермер жерсіз қалған.

Жандос Сағатбеков
Фото: Павлодар Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

- Бұл жерді пайдаланбай, мемлекетке өз еркімен өткізгендерді есепке алмағандағы көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге құқық белгілейтін құжаттарды жарамсыз деп тану туралы шешімдер шығып қойды. 33 шаруаның арасында жерге инфрақұрылым салып қойғандары бар. Мысал үшін қазір сотта «Заман» шаруа қожалығына қатысты талап арыз жатыр. Бұл инвестор суармалы егістіктің 200 гектарына су жинайтын және су беретін инфрақұрылым салған. Кәсіпкердің бұл жобасы назарға алынбаған. Осылайша өңірдің экономикасына орасан зор шығын келіп отыр. Ал кәсіпкерлер миллиардтаған теңге шығынға ұшырады. Мұндай талап арыздардың мақсаты белгісіз, нәтижесі көп жағдайда «нөлге» тең,-дейді Ж.Сағатбеков

Ал Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева жергілікті жер қатынастары басқармасы Мемлекет басшысының жер телімдерін тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасы аясында жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Әйгерім Қабылтаева
Фото: Павлодар Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

- Тиісті құқықтық базаның болмауы бойынша қиындықтар бар. Алдағы уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығына сәйкес өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Мен жер қатынастары басқармасына және қалалар мен аудандар әкімдіктерінің тиісті жер қатынастары бөлімдеріне адалдығы арнайы жер комиссияларында қаралатын жер пайдаланушылардың тізімін жасау жөнінде тапсырма бердім. Инвестиция тарту мәселесі өңір үшін басымдыққа ие, - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Бұған дейін прокурорлар Павлодар облысының агроөнеркәсіп кешені бойынша мемлекетке 500 млн теңге шығын келгенін анықтаған.

Соңғы жаңалықтар