Шенген ішіндегі шекаралық бақылау тағы үш айға созылды
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - ЕО кеңесі жұмада Шенген аймағы ішкі шекараларындағы бақылауды тағы 3 айға ұзарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлады Брюссельдегі «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі Еуропалық комиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«ЕО кеңесі Шенген аймағының Германиядағы, Австриядағы, Швециядағы, Даниядағы және Норвегиядағы кейбір ішкі шекараларындағы бақылауды тағы үш айға созу туралы Еурокомиссияның ұсынысын қабыл алды», дейді Еурокомиссиядан. Бұл елдер бұрынырақ Шенген аумағына заңсыз мигранттардың қайтадан ағыла бастауының салдарынан қоғамдық тәртіп пен ішкі қауіпсіздікке байланысты шекаралық бақылау енгізген болатын. «ЕО Кеңесінің ұсынымына сәйкес ішкі шекараларда бақылауды жалғастыруға бел буған ЕО-ға мүше елдер бақылаудың орындылығын, жиілігін, орны мен уақытын апта сайын қарап отырулары тиіс, сондай-ақ оның қауіптерге сәйкес келетін деңгейге дейін оның қарқындылығын орнату және кез келген жерде құжаттар тексеруді доғару қажет», деп ескертті Еурокомиссия. Шекараларды басқару шешімінде елеулі ілгерілеудің болуына қарамастан, Шенгенді қалпына келтіру бойынша «жол картасының» барлық шарттары орындалған жоқ, бұл Шенген аймағы ішінде «қайталама» тәуекелдің сақталып отырғанын аңғартады.