Шереметьево әуежайында әуе таксиі жұмыс істей бастады
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мәскеудің Шереметьево әуежайы аумағында тікұшақ алаңы ашылды. Ендігі уақытта әуежай жолаушыларға қызметтің жаңа түрі - әуе таксиін ұсынатын болады, деп хабарлады Утро.ру.
Тікұшақты кәсіби ұшқыштар басқарады. Әуежай басшылығының болжамынша, бұл қызметті уақытын үнемдегісі келетін кәсіпкерлер пайдаланады.
Такси қызметін атқаратын тікұшақтар саны белгісіз. Сонымен қатар ұшу бағасының қанша болатындығы да әзірше ресми жария етілген жоқ.
Айта кетерлігі, қазірдің өзінде Мәскеуде үй төбесінде тікұшақ қонатын арнайы алаң жасалған бірнеше тұрғын үй кешені бар. Бұдан бөлек, Каширский тас жолы бойында, «МЕГА Белая дача» сауда орталығына және Мытищинский базарына тақау тұста тікұшақ алаңын салу жоспарлануда.