Шереметьево әуежайындағы жағдайға байланысты «Эйр Астана» әуе компаниясының рейстері кейінге шегерілді
АЛМАТЫ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Ауа-райының қолайсыздығы мен Шереметьево әуежайында мұз еріту сұйықтығының болмауына байланысты Алматы-Мәскеу-Алматы бағытындағы ұшақтардың ұшу-қону кестесі өзгертілді. Бұл туралы «Эйр Астана» АҚ әуекомпаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәскеу әуежайында ауа-райының суытуына байланысты барлық әуе кемелерін мұз еріту сұйықтығымен өңдеуге сұйықтық жетіспеушілігі орын алып отыр. Осыған байланысты әуежай басшылығы 60 рейсті кері шегерген. Бұлардың қатарында «Эйр Астана» рейстері де бар. Кеше әуе компаниясының Алматы-Мәскеу бағытындағы КС875, Мәскеу-Алматы бағытындағы KC -876 рейсі тоқтатылған. Сондай-ақ кеше, бүгін бұл бағыттағы бірқатар рейстер шегерілген.
«Эйр Астана» бұл күндері ұшуы тиіс жолаушыларға өзінің туристік агенттіктерімен немесе брондау және ақпарат орталығына хабарласып билетті кері қайтарып немесе ұшу күнін өзгертуге кеңес береді.
Сонымен қатар жолаушылар қолдағы билеттері арқылы 9 қаңтарға дейін бос орын болған жағдайда Мәскеу бағытына ұша алады немесе Ресейдің басқа қалаларына бағытын өзгерте алады. Ұшу бағытын өзгерту тегін, сондай-ақ билет құны толық қайтарылады.