Шерхан Мұртазаны еске алуға арналған бильярд турнирінің жеңімпаздары белгілі болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда халық жазушысы Шерхан Мұртазаны еске алуға арналған бильярд турнирі өтті. Оған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Турнирді «Egemen Qazaqstan» газеті мен Алматы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған. Жарысқа еліміздің бірқатар өңірінен журналистер қатысып, бақ сынады.

Шараның ашылу салтанатында шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, танымал жазушы Сарбас Ақтаев пен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет құттықтау сөз сөйледі.

Жарыс екі түрлі жас санаты бойынша ұйымдастырылды. 55 жасқа дейінгілер арасында «Алматы» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің шығарушы редакторы Үмбетәлі Меймеш жеңімпаз атанды. Екінші орын «Жамбыл» телеарнасының қызметкері Серік Тәжібаевқа бұйырса, Жамбыл облысы Жуалы ауданы «Жаңа өмір» газетінің бас редакторы Берік Жұмабайұлы үшінші орынды қанағат тұтты.

Ардагерлер арасында бас жүлдені Нұртілеу Иманғалиұлы жеңіп алды. Оған финалда жол берген профессор Аязби Бейсенқұл екінші орынға жайғасса, үшінші орынды Жазушылар одағының басқарма хатшысы Ғалым Қалибекұлы еншіледі.

Турнир жеңімпаздары кубоктан бөлек ақшалай сыйлыққа ие болды. Бірінші орынға – 150 мың теңге, екінші орынға – 100 мың теңге, ал үшінші орынға 50 мың теңге сый-сияпат тігілген болатын.

Фото: Egemen Qazaqstan

Соңғы жаңалықтар