Шеруде әскери ұшақтар әуеде бәйтерек фигурасын жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Отан қорғаушы күніне орай ұйымдастырылып жатқан мерекелік әскери шеру аяқталды. Шерудің соңында подполковник Айдарбек Құлашбектің бастауымен әуеге көтерілген ұшқыштар Су-25 ұшақтарымен әуеде бәйтерек фигурасын жасады.

Шеруде әскери ұшақтар әуеде бәйтерек фигурасын жасады

Айта кетейік, аталмыш шеруде жалпы саны 75 әуе техникасы қатысты. Оның ішінде Қазақстанда жасалған «Еврокоптер» тікұшақтары, ұшқышсыз ұшақтар мен ең заманауи әскери соққы беру әуе аппараттары қолданылды.

Естеріңізде болса, 1992 жылғы мамырдың 7-інде Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Дәл осы күні ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. 7-ші мамыр - Отан қорғаушы күні Бас қолбасшы - Елбасы кезекті әскери шендер беру туралы Жарлыққа қол қойып, ерекше көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды.

2012 жылғы 4 қазанда ҚР Парламенті "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер енгізу туралы" ережені қарап, қабылдаған болатын. Заңға сәйкес 7 мамыр мемлекеттік мереке болып жарияланды және демалыс күні болып саналады.